Норвегияда қазақстандық кинотуындылар көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Норвегияның Осло және Ставангер қалаларында өткен қазақ киносының күндері Норвегия Корольдігінде еліміздің мәдени айлығының қорытынды аккорды болды. Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздігіміздің 28 жылығына орай өткен іс-шараны скандинавиялық елдегі Қазақстан Республикасының Елшілігі ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Осло қаласының «Felix Kino» кинотеатрында режиссер Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ хандығы» киноэпопеясынан алынған «Алмас қылыш» пен Нұргелді Садығұловтың «Балуан Шолақ» фильмдері көрсетілді.

Қазақстанның Норвегиядағы елшісі Еркін Ахинжанов Корольдіктің астанасында көрсетілімдердің ашылуында Қазақстанның қалыптасуындағы маңызды тарихи сәттерді бейнелейтін, кейіннен мемлекетіміздің қалай құрылғанынан сыр шертетін фильмдердің тарихы туралы айтты.

Корольдіктің мұнайлы астанасы саналатын Ставангер қаласының «ODEON Kino» орталық кинотеарында норвег көрермендеріне шетелдік прокатта «Париж әуені» деген атпен танымал режиссер Джефф Веспаның «Әміре» фильмі ұсынылды.

«Фильм Парижде өткен ЭКСПО-1925 шарасында қазақтардың вокалдық өнерін және ұлттық домбырамызды еуропа жұртшылығына алғаш таныстырған қазақтың әншісі Әміре Қашаубаевтың өмірні баяндайды», – деп атап өтті қазақстандық елші көрсетілім алдында.

«Осындай тарихи кино түсірулеріңізбен құттықтаймыз! Мен өз өмірімде көп нәрсені көрдім, бірақ мынаны көргеннен кейін таңдандым. Түсірілім алаңының ауқымы, актерлер мен каскадерлердің кәсібилігі, костюмдер мен сахна дизайнерлерінің жұмысы таңқаларлық», – дейді 92 жастағы саясаткер Ханс Хенриксен.

Бұған дейін хабарланғандай, Осло және Ставангер қалаларында Қазақстанның Елшілігі Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың норвег тіліне аударылған «Әлемнің эпицентрі» кітабын таныстырған болатын.

Содан кейін Норвегия астанасының Джаз сахнасында «Ұлы Дала» этникалық фольклорлық тобы өнер көрсетті. Ал Қазақстан мен Норвегия аңыздары қатысқан Холменколлен шаңғы-трамплинг кешенінде орналасқан әйгілі шаңғы музейінде «Қазақстан - Норвегия: спорттық дипломатия» атты көрменің ашылуы болды. Оған қазақ және норвег спорт саңлақтары мен әлем және Олимпиада чемпиондары Владимир Смирнов, Стен Стенсен, Вегард Ульван қатысты.

Автор: Ілияс Омаров

Соңғы жаңалықтар