Никол Пашинянмен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаластық – ҚР Президенті

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ереванда Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастығымызды кеңейтуге уағдаластық. Елдеріміздің арасында барлық бағыттар бойынша сенімді әрі ашық диалог орнаған. Мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз дамып келеді», - деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-де.

Ақорда мәліметіне сәйкес, кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық әріптестік пен көлік-логистикалық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Никол Пашинянға қонақжайлығы мен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын биік дәрежеде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіре отырып, екі ел арасында қалыптасқан сенімді диалогты атап өтті.

«Қазақ халқы армян халқын құрметтейді. Біз қос мемлекет арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ниеттіміз. Екі елдің ортасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударуымыз керек. Жұмысты жандандырып қана қоймай, берік ынтымақтастықтың қосымша мүмкіндіктерін қарастыру қажет», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Никол Пашинян экономика саласындағы Қазақстан мен Арменияның өзара қарым-қатынасы одан әрі жандана беретініне сенім білдірді.

«Соңғы уақытта біздің сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарымыз жаңа белеске көтерілді. Бірақ біздің әлеуетіміз бұдан әлдеқайда жоғары деп ойлаймын. Біз осы әлеуетімізді барынша жандандыруға күш салуымыз керек. Өйткені Еуразиялық экономикалық одақ біздің елдеріміз үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр», – деді Армения Премьер-министрі.

Еске салайық, Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін 30 қыркүйек күні Ереванға келді. «Мемлекет басшылары жиын барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылайды. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бірқатар екіжақты кездесулер өткізуді жоспарлап отыр», - деп мәлім еткен болатын Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Бүгін, 1 қазан күні Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Сингапур Премьер-Министрі Ли Сянь Лунмен, Иран Президенті Хасан Руханимен кездесті.

Соңғы жаңалықтар