Никол Пашинян Жоғары ЕЭК отырысын қорытындылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия отырысының күн тәртібіне шығарылған барлық мәселе бойынша ортақ келісімге қол жеткізілді. Бұл туралы бүгін елордада өткен Жоғары ЕЭК отырысынан кейінгі брифингте Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысын аяқтадық. Мәселелердің кең ауқымын талқыладық және күн тәртібіндегі барлық дерлік мәселелер бойынша келісімге келдік. Бұл ЕАЭО-ның мерейтойлық отырысы. Еуразиялық интеграция туралы идеяның ұсынылған сәтінен 25 жыл және ЕАЭО құру туралы шартқа қол қойылған уақыттан бері 5 жыл өтті. Бұл нышандық мәні бар дата және бұл кездесудің Қазақстан елордасында өтуінің символдық мәні бар», - деді ол.

Армения Үкімет басшысы отырысқа шығарылған кейбір мәселеге қатысты әлі де келісу және нақтылау жұмыстары жүргізілуі қажет екендігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Үкіметтері жүргізетін болады.

«Қазіргі уақытта ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық байланыстарын кеңейту өте маңызды. Бүгінде ЕАЭО-ның Сингапурмен, Мысырмен, Сербиямен, Израильмен, Үндістанмен келіссөздері жүріп жатыр. Меніңше, бұл ЕАЭО елдері үшін өте маңызды бағыттар. Себебі ЕАЭО елдерінің бизнесі үшін мүмкіншілікті шынайы кеңейтеді»,- деді Никол Пашинян.

Сондықтан оның айтуынша, бүгінгі отырыс барысында Еуразиялық экономикалық комиссия жоғарыда аталған барлық бағыттар бойынша жұмысты жандандыруға тапсырма берілген.

«Биылғы жылы біз ЕАЭО мен серіктес елдер арасында кемінде екі келісімге қол қоятындығымызға үміттенемін. Бұл бағыттағы жұмыстар одан ары да жалғасады. Толықтай алғанда, Нұр-Сұлтанда өткен ЕАЭО отырысын сәтті болды деуге негіз бар және алдағы уақытта да осы рухта жұмыс істейміз», - деді ол.

Айта кетейік, кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян, сонмен қатар Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон ЕАЭО жанындағы бақылаушы мемлекеттің басшысы ретінде, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон құрметті қонақ ретінде қатысты.

Жалпы отырыс барысында Мемлекет басшылары ЕАЭО дамуының өзекті мәселелері мен болашағын талқылады. Атап айтқанда, цифрлық дамудың, Одақтың халықаралық қызметінің күн тәртібінде тұрған мәселелері, сондай-ақ 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарлары қарастырылды. Саммит соңында Жоғары Еуразия экономикалық кеңеске мүше мемлекеттер басшылары бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар