Никол Пашинян Түркиямен шекарасын ашу мәселесін қарастырып жатыр

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Армения премьер-министрі Никол Пашинян ведомстволарға армян-түрік шекарасын ашу жөніндегі уағдаластықты іске асыру үшін тиісті түрік құрылымдарымен жұмысты үйлестіруді тапсырды. Бұл туралы ол бүгінгі үкімет отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Армения мен Түркияның арнайы өкілдері осы жылдың 1 шілдесінде Венада үшінші елдердің азаматтары үшін шекараны ашу және елдер арасында жүктердің тікелей авиатасымалын жүзеге асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізген болатын.

«Біздің ведомстволардың тиісті түрік құрылымдарымен үйлесімді жұмыс істеуі маңызды. Себебі, саяси келісімдер өз алдына, олардың орындалуы осы жұмысқа байланысты. Менің тапсырмам – қол жеткізілген уағдаластықты іске асыру үшін жұмысты үйлестіру», - деп атап өтті Никол Пашинян үкімет отырысында.

Армения мен Түркия ортақ шекара болғанына қарамастан, дипломатиялық қарым-қатынас орнатпаған. Екі ел арасындағы шекара 1993 жылдан бері жабық. Қазіргі уақытта қос тарап арасындағы жүк тасымалы Грузия аумағы арқылы өтеді.

2021 жылы Армения мен Түркия арадағы қатынастарды қалыпқа келтіру жөніндегі келіссөздер үшін арнайы өкілдер тағайындады. Келіссөздерде армян тарапын Парламент вице-спикері Рубен Рубенян, Түркия тарапынан елдің АҚШ–тағы бұрынғы елшісі Сердар Кылыч белгіленген. Бүгінгі таңда арнайы өкілдер келіссөздердің төрт раундын өткізді. Кездесулер Мәскеу мен Венада өтті.


Соңғы жаңалықтар