Никол Пашинян Арменияның премьер-министрі болып тағайындалды

None
None
ЕРЕВАН. ҚазАқпарат – Армения Президенті Армен Саркисян Никол Пашинянды елдің премьер-министрі етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Президенттің жарлығы конституциялық талапқа негізделген, оған сәйкес республика үкіметінің басшысы болып парламенттік көпшілік ұсынған кандидат тағайындалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

2 тамызда кезектен тыс парламент сайлауының қорытындысы бойынша құрылған 8-ші шақырылымның Ұлттық жиынының бірінші отырысы өтіп жатыр. Парламенттік көпшілікті құрайтын «Гражданский договор» парламенттік фракциясы премьер-министр кандидатурасына өзінің көшбасшысы – Никол Пашинянды ұсынды. Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, ел Президенті жаңадан сайланған Ұлттық жиынның өкілеттік мерзімі басталысымен премьер-министр ретінде парламенттік көпшілік ұсынған кандидатты тағайындайды.

«Конституцияның 149-бабының 1-бөлігін негізге ала отырып, Никол Пашинян премьер-министр болып тағайындалсын», - делінген Армения Президенті жарлығының мәтінінде.

Еске сала кетейік, Арменияда 20 маусымда кезектен тыс парламенттік сайлау өтті. Сайлауда «Гражданский договор» партиясы жеңіске жетті. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Армения Министрлер кабинеті премьер-министр тағайындалғаннан кейін он бес күн ішінде құрылады.


Соңғы жаңалықтар