Нидерландыда карантинге қарсы шерудегі тәртіпсіздіктен кейін Роттердам мэрі халыққа үндеу жасады

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат – Роттердам мэрі 25 қаңтарда Нидерландының бірнеше қаласында болған тәртіпсіздіктерден кейін әлеуметтік желі арқылы халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Роттердам басшысы Ахмет Әбуталип Twitter-дегі парақшасында қаланың коммуналдық қызметтері мегаполистің бүлінген нысандарын қайта қалпына келтіруге мәжбүр екенін жазды.

Еске сала кетейік, Нидерландыда дүйсенбі күні кешке тәртіпсіздіктер орын алған болатын. Жүздеген адам Амстердамдағы коронавирусқа байланысты шектеу шараларына наразылық білдірді. Шерушілер терезелерді сындырып, автобус аялдамаларын қиратып, дүкендерді тонаған. Нәтижесінде Голландия полициясы 150-ден астам адамды ұстады, олардың ең кішісі 14 жаста.

«Қалаңызда тәртіпсіздік ұйымдастырған жақсы ма? Кәсіпкерлерге шығын келтірген дұрыс па? Ұрланған заттарға толы сөмкенің жанында ояну сіздерге ұнай ма?» – деп сұрады А.Әбуталип бүлікшілерден.

Роттердам мэрі қауіпсіздік мақсатында ата-аналардан балалар мен жасөспірімдерді бақылауды сұрайды.

«Бұл тәртіпсіздіктердің наразылықтарға немесе бостандық үшін күреске ешқандай қатысы жоқ. Біз вирусты бірге жеңуіміз керек, өйткені бұл – өзімізге бостандықты қайтарудың жалғыз жолы. Біз бірнеше бұзақыға бола алған бетімізден қайтпаймыз», - деді Нидерландының «CDA» партиясының жетекшісі Вопке Хукстра.


Автор Арнұр Рақымбеков


Соңғы жаңалықтар