+7 (701) 759 90 19
USD 383.95 EUR 429.26
RUB 6.16 CNY 55.02
Jańalyqtar

Незих Барут: Астана үшін Елбасыға алғыс айтамыз

2018 жылғы 18 маусым 15:57
Бөлісіңіз:
Незих Барут: Астана үшін Елбасыға алғыс айтамыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Қазақстан астанасы Алатау бөктерінен Сарыарқа даласына ауысқанына тура 20 жыл толып отыр. Осы мәртебелі мерейтой қарсаңында ҚазАқпарат қазақтың бас шаһары жөніндегі елорда қонақтарының естеліктерін жариялауды жөн көріп отыр. Бүгін біз түркиялық «Абди ИбраҺим» холдингі басқармасының төрағасы Незих Баруттың Астана туралы толғанысын оқырман назарына ұсынамыз.

***

Незих БАРУТ: Астана үшін Елбасыға алғыс айтамыз

Түркия Республикасының патриот азаматы және Қазақстанға инвестиция құйған жеке кәсіпкер ретінде Астананың 20 жылдық меретойымен құттықтап, әлемнің әйдік кереметін тек қазақ еліне ғана емес, түркі әлеміне сыйлаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүрекжарды лебізімді, осы мақала арқылы шексіз алғысымды білдіргім келеді.

Тәуелсіздігін жария еткен күннен бастап Қазақстанның бағындырған белестерінің әр сатысында қолтаңбасын қалдырған Елбасы - өз бойындағы көшбасшылық қасиеті арқылы елінің гүлденуі мен әлемнің тұрақтылығы үшін үнемі қозғаушы күш бола білген қайраткер тұлға.

Отанының қысқа мерзім ішінде ғаламдық деңгейдегі мемлекет дәрежесіне көтерілуіне ағартушылық ақылмандығы, бейбітшілік пен келісімді ту еткен биік беделі ықпал етті. Жас республиканың саяси-экономикалық саладағы тұрақты өсу процесі дамушы елдер тарапынан бірден назарға ілігіп, алға жылжудың жарқын үлгісін көрсетті.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс ұстанған стратегиялық бағыт пен аймақтық ерекшеліктерге, бай ресурстар мен халықтың өсу әлеуетіне нық сенім артты. Қазақстанды заманауи бас қала арқылы дамыту жолын таңдап, елдегі оң өзгерістердің символы Астананың бас сәулетшісі атанды.

Елбасының көшбасшылығымен 1997 жылы елорда болып бекітілген Астана 1999 жылы ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы», 2012 жылы «Түркі әлемінің мәдени астанасы» мәртебесіне ие болды.

Сәулет өнерінің жоғары жетістігі мен қаланы көркейту жұмыстары арқылы қысқа мерзім ішінде заман талабынан шығатын Астананың ұлттық бет-бейнесін бедерледі. ХХІ ғасырдың ең таңдаулы қалаларының біріне айналдырып, қоғамдық сананы жаңғыртты, алысты көріп, болашақты болжайтын стратег басшы екендігімен ерекшеленді.

Жас қаланы әртүрлі мәдени және этникалық топтардың тату-тәтті өмір сүріп отырған орталығы ретінде бүкіл әлем назарына ұсынды. Халық бір ауыздан қолдап, сайлаған басшы алыс-жақын көршілермен достық қарым-қатынас құрып, халықаралық байланыстарға басымдық берді. Бауырлас ел Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасқа да ерекше мән беріп, екі мемлекеттің ынтымақтастығы стратегиялық деңгейге жетті.

Ортақ тарихи және мәдени байланыспен бірге, өзара ізгі ниет пен достыққа негізделген ара қатынас нәтижесінде Қазақстан - Түркияның аймақтағы ең маңызды саяси және экономикалық әріптесіне айналды.

Атажұрттың тәуелсіздігін алғаш таныған Түрік елі мен Қазақ жерінің ажырамас достығына екі тараптың мемлекет қайраткерлерінің қосқан үлесі орасан зор екендігін айта кеткен жөн, тарих оларды ешуақытта ұмытпайды.

Қазақ елі - Түркияда 106 жылдан бері дәрі-дәрмек секторында жұмыс істеп келе жатқан және 16 жыл бойы саланың үздігі ретінде мойындалған «Абди ИбраҺим» компаниясы мен жеке басыма ерекше қымбат мемлекет. Өйткені шетелдік операцияларды 2013 жылы алғаш Қазақстанға ашып, 2015 жылы өндіріс бастауға кіріскен «Абди ИбраҺим Глобал Фарм» компаниясы бүгінгі таңда ең озық, мақтаулы мекемелердің бірі. Осы аралықта
60 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың шаршы метрлік жабық алаңды алып жатқан өнеркәсіп мекемесі 24 млн құты өндірді. 120 қызметкер зауытта еңбек етеді, жалпы алғанда 215 адам жұмыспен қамтылды.

«Абди ИбраҺим Глобал Фарм» компаниясы сусамыр дерті және басқа вирустарға қарсы екпелерден бастап, жүйке жүйесі, жүрек-қан тамырлары ауруларын емдейтін және алдын алатын 100 түрлі дәрі-дәрмек шығарады.
2020 жылы 100 түрлі дәрі-дәрмекпен әлемнің ең ірі компанияларының қатарына енбек жоспарымыз бар.

Қазақстандағы зауыттан жақын арада Ауғанстан, Әзербайжан және Грузияға тауар экспорттай бастайтынымызды қуанышпен жеткізгіміз келеді. Алдағы уақытта Еуразиялық Одақ пен ТМД елдеріне қарай қанат жаюға күш саламыз. Осы маңызды инвестициялық жобаны жүзеге асыру барысында Қазақстанның жергілікті өндірушіге қолдау көрсетіп, шетелдік инвесторларға жеңілдіктер ұсынылатынына және либералды экономиканың ережелеріне сәйкес айрықша мән берілетініне куә болдық.

Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан өзге елдерден анағұрлым ерекшеленеді. Түркияның ең ірі дәрі-дәрмек өндіретін компаниясы ретінде Қазақстанға инвестиция салғанымызға және Елбасы жасақтаған мығым экономикалық жүйеде орын тапқанымызға дән разымыз. Барлық әріптестерімізді және ірі инвесторларды бауырлас елге инвестиция құюға шақырамыз.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жаһандық қалаға айналуға қадам басқан Астананың 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасыға атадан қалған атамекеніне, перзентін үкілеп өсірген менің туған еліме деген ыстық ықыласы мен достық қарым-қатынасқа қосқан зор үлесі үшін алғыс айтамыз.

***

Мақала Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің көмегімен дайындалды

Фото: im.haberturk.com

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT