Нейрохирург Серік Ақшолақов ақтөбелік студенттерге нені армандайтынын айтты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов пен академик Жақсылық Досқалиев Ақтөбедегі медициналық оқу орындарының студенттерімен кездесті. Қос дәрігер өздерінің армандарымен бөлісіп, үздік хирург болудың қыр-сыры туралы әңгіме өрбітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде медициналық кластерді дамыту тапсырмасын қойды. Соған сәйкес өңірдегі Ақтөбе балалар ауруханасы, облыстық аурухана біріктіліріп, үлкен кешен құрылды. Ал түрік инвесторлары қалалық жедел жәрдем бекетінің құрылысын бастады. Ондаған реанимобиль әкелініп, қолданысқа берілді. Сонымен қатар, офтальмологиялық емхана құрылысы басталып, балалар стоматологиясы салынады. Бұл жұмыстың бір бөлігі ғана. Ақтөбе жерінде туып-өскен дәрігерлер туған жерге көмек көрсету мақсатында бірнеше ірі жобаларды қолға алды. Бүгін «Дару» оңалту орталығында Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті мен Ақтөбе медициналық колледжінің оқытушылар құрамы мен студенттер Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов, академик Жақсылық Досқалиевпен кездесті. Студенттер медицина саласының дамуына үлес қосқан қос дәрігердің армандарын білді.

«Ақтөбеде көп жұмыс істеліп жатыр. Мәселен, біз оқып жүргенде жақсы тәлім-тәрбие алатын «Дару» оңалту орталығы секілді медициналық мекеме болмады. Бұл ең жоғары технологиялы көмек көрсете алатын орталық. Қазіргі кезде бұл өте керек. Хирургия, терапия саласында да ем нәтижесі оңалтуға тікелей байланысты болады. Астанадағы емханада ота жасалады. Жыл өткен сайын даму бар»,- деді Серік Ақшолақов.

Нейрохирург болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Елдің денсаулығы, медицина саласы жас мамандардың қолында екенін баса айтты. «Немерем нейрохирург болса деген арманым бар. Ол талпынып жүр, оқиды. Мәселен, Жақсылық Досқалиевтің баласы нейрохирург. Оның арманы орындалды. Баласы Айдос Досқалиев елімізге танымал білікті маман болды»,- деді Серік Ақшолақов.

Жиын кезінде академик Жақсылық Досқалиев те медицинағы қатысты ойларымен бөлісті.

«Ер балалар жас кезде төбелеседі, құлап қалады, басынан соққы алып жатады. Сондай бір күнде балам Серік Ақшолақовтың алдына барды. Сол күннен соң хирург боламын деп жүрген бала бір сәтте өзгеріп, нейрохирург боламын деді. Күндіз-түні нейрохирургияны зерттеді, оқыды. Жапонияда білім алды. Осы жерде мен уәде беремін. Серік Қуандықұлының немересінің нейрохирург болуына, арманыңызға жетуге үлес қосамын деп айтамын»,- деді академик Жақсылық Досқалиев.

Айта кетейік, соңғы жылдары елімізде нейрохирург атану үшін 4 жыл резидентура міндеттелді. Кездесу кезінде Ұлттық нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақов жас мамандарға ағылшын тілін жетік меңгеруге кеңес берді.

1 2 4 

Соңғы жаңалықтар