«Невада-Семей» қозғалысына 25 жыл: Антиядролық күрес еліміздің сыртқы саясатымыздың басты бағытына айналды - Олжас Сүлейменов

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін алматылықтар Ғылым ордасында 1960 жылдардың басынан 1989 жылдың соңына дейін Семей жерін дүркіреткен полигондарда зардап шеккендерді еске алды.

Ел тарихының жарқын беттерінде жазылған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға қозғалыс ардагерлері, қоғам белсенділері, тарихшылар, қала тұрғындары қатысты. Мектеп оқушыларының хорының орындауында айтылған Ұлықбек Есдәулеттің сөзі мен Төлеген Мұхамеджановтың әніне жазылған «Заман-ай» әнін естігенде көзіне жас алмаған адам кем де кем шығар. Мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, ғалым, ақын Олжас Сүлейменов көшбасшылық еткен қозғалыстың Семей ядролық полигонын жабу мәселесіне келгенде тарихи миссиясының маңыздылығы мен мәні ешбір талас тудырмайтыны анық. Ақын сол кездегі қалыптасқан саяси-тарихи ахуал аясында «Семей-Невада» қозғалысының қалай қалыптасқаны жайлы естеліктерімен бөлісіп, қозғалыстың болашақ еншісіндегі мұраты туралы айтты. «1989 жылы 20 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Семей полигонын жабу мәселесін қарау туралы қаулы шығарды. Кейін қалыптасқан құбылмалы саяси ахуалға қарамастан Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылы 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы атақты Жарлыққа қол қойды. Мен бұны ерлікке бағалаймын. Сол тарихи сәттен бері ядролық сынақтарға қарсы күрес біздің еліміздің сыртқы саясатымызды айқындап берді. Қазақстан әлемдегі ядроға қарсы күрестің негізін қалаушы мемлекеттердің біріне айналды. «Невада-Семей» қозғалысы 5 полигонның жабу туралы миссиясын орындады», - деді О.Сүлейменов. 25 жылдық еңбек пен күрестің тарихын сабақтай отырып жазушы «Невада-Семей» қозғалысының алдындағы әлі де орындауды талап етіп тұрған маңызды тапсырмалардың барын айтты. «Ядролық сынақтарға әлемде іс жүзінде тыйым салынды. Сәйкес құжаттар да қабылданды. Бірақ, ол құжаттарға қол қоймай отырған ірі әлемдік ядролық державалар бар. Біз солармен күресте бірігуіміз керек. Ондай мемлекеттер АҚШ, Ресей, Солтүстік Корея, Англия, Қытай ядролық қаруды толығымен жоюға қарсы болады, әрине. Олардың артынан ядролық қаруға қол жеткізгісі келетін тағы 20 мемлекет тізімде тұр. Ядролық қаруды пайдалану әлемде үлкен конфликтілерге әкеп соғады. Менің ойымша, ядролық соғыс басталса адамзаттың көрер күні аз қалады деген сөз. Сондықтан, осы бағытта күресті күшейтуіміз керек. Адамзаттың өзін-өзі өлтіру құралын дамытуға бірінші болып тосқауыл қойған Қазақстан халқына адамзат бір кездері өз алғысын айтар», - деді ол. Биыл тамыздың 29-ында қозғалыс белсенділері Семейде халықаралық конференция ұйымдастыруды көздеп отыр. Оған мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, әлемдік ядролық қаруға күрес жақтаушылары, сарапшылар, әлеуметтанушылар қатысады деп жоспарланып отыр.

Соңғы жаңалықтар