+7 (701) 759 90 19
USD 414.46 EUR 451.35
RUB 5.77 CNY 58.12
Jańalyqtar

Несіпбек Айтұлы: Бұл індетті жеңу үшін соғыстағы секілді темірдей тәртіп керек

2020 жылғы 1 сәуір 11:46
Бөлісіңіз:
Несіпбек Айтұлы: Бұл індетті жеңу үшін соғыстағы секілді темірдей тәртіп керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі ақын Несіпбек Айтұлы ел ішінде тараған індетке байланысты халықты сабыр мен тәртіпке, байсалдылыққа шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл жай қарайтын, бейқам отыратын, әйтеуір өтіп кетеді ғой деп кеңдікке салынатын ауру емес. Бұл індет аса қауіпті – соғыспен бірдей. Соғыста қандай темірдей тәртіп болатын болса, бұл індетпен күресте де сондай тәртіп керек. Осыны Президент барлық облыс пен аудан басшыларына тапсырып жатыр. Мұндайда тәртіпке бағыну – ең басты нәрсе. Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді дегендей бір адам бұл ауруды жұқтырып алса, көріп отырғаныңыздай, айналасына түгел қауіп төндіреді. Міне, осы мәселеге біз түсіністікпен ел болып, жұмған жұдырықтай болып, сабырлық пен байсалдылық танытып, үрейге бой алдырмай, күресе білуіміз керек», - дейді ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы білдірген пікірінде.

Ақынның айтуынша, қазір әсіресе жасы келген адамдар мүмкіндігінше үйінен шықпай, есікті қымтап, бала-шағаны ойлауы тиіс.

«Қиыншылыққа байланысты Мемлекет басшысы кеше көптеген әлеуметтік шараның қолға алынатынын жария етті. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетіп, шағын бизнестің салық төлейтін уақытын созып, халықты қолдау тетіктерін атады. Бұл – үлкен риза қыларлық көмек деп ойлаймын», - дейді ол.

Несіпбек Айтұлы қазір халықты індет бір қысса, экономикалық дағдарыс екінші жағынан оңай тимеуі мүмкін екенін айтып өтті. Айтуынша елде бүгінгі күні осындай үрей бар.

«Әсіресе қалталы азаматтар елге қарасуы керек. Өз басым вирустың ауыл-ауылға тарап кетпеуін тілеп отырмын. Халыққа сабыр тілеймін. Қазір көптеген азаматтың тәртіп сақтамай 15 күнге қамалып жатқанын, көшеде бейсауат жүргенін естимін. Мұндайды қою керек. Халыққа түскен нәубеттен дәулет көріп, масканы жаппай сатып алып, қымбаттата өткізген жағдайды да естідік, өкінішке қарай. Осындай пиғылдың жолын кесу керек. Одан кейін елді бейқамдыққа шақырып, ойбай бұл жай тұмау деп жүрген әншісымақтарды да шектеу керек. Алла оң көзімен қарасын бәрімізге. Ақсақалдар елге басу айтуы керек. Жастар сабырлы болуы тиіс. Ел болып етек-жеңімізді қымтамасақ, көзге көрінбейтін індет ана тесіктен де, мына тесіктен де кіріп кетеді», - дейді Несіпбек Айтұлы.

Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар эфирінен мәлімдеме жасаған болатын.
Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Әдебиет, Қоғам, Коронавирус,
Бөлісіңіз:

Автор:

Аян Бекенұлы

Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT