Несие серіктестіктерінің IV форумы: маңғыстаулық кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясы арқылы шаруа қожалығын үлкейтті

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстаулық кәсіпкер Аграрлық несие корпорациясынан несие алып, қожалығын үлкейтті. Төрт түлік өсірумен айналысатын шаруа мал бордақылау алаңын ашқан. Қожалықтың тыныс-тіршілігі Ақтау қаласында өткен Несие серіктестіктерінің IV форумында таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау қаласының жанындағы «Ақжол» шаруа қожылығы Аграрлық несие корпорациясының тиімді қаржыландыру тетіктерін іске асыру нәтижесінде кәсібін дамытып отыр.

«Өткен жылы өңірдегі «Мұнайлы несие» серіктестігі арқылы 33 млн теңге алып, арнайы техникаға қол жеткіздік. Қалғанына 20 бас құлынды бие, 3 боталы түйе алдық. Былтыр Маңғыстауда қуаңшылық болды. Сондықтан, Ақтөбе облысынан жерді жалға алып, жылқыны сол жаққа апардық», - дейді шаруашылық басшысы Болат Есенәлиев.

Кәсіпкер 2015 жылы мал бордақылау кешенін жасақтаған. Онда 8 адам жұмыс істейді. Ет, сүт өнімдерін сатып, пайда тауып отыр. Қожалықта 300-ге тарта ірі қара, 200-дей ұсақ мал бар. Аулада үйрек пен қаз өсіріп отыр. Жыл сайын 100 бас ірі қара, 100 бас қойды бордақылап, Ақтаудағы базарларға етке өткізеді.

Ақтауда өтіп жатқан форумда Аграрлық несие корпорациясы мен несие серіктестіктерінің бизнес үдерістерін жетілдіру стратегиясы мен оңтайландыру жағдайлары талқыланды. Оған еліміздегі 140-тай несие серіктестігінің басшылары, «Бәйтерек» холдингінің, Корпорацияның, шетелдік несие кооперациясының өкілдері қатысты.

Форумда сөз алған «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков: «Бірінші жартыжылдықта 7 мыңнан астам шаруаға 182,5 млрд теңге бөлінген. Оның 43%-і, яғни 78,8 млрд теңге, несие серіктестіктері арқылы берілді. Осы жылы несие серіктестіктеріне - 129 млрд теңге, келесі жылы - 140 млрд теңгеге дейін қаражат берілуі жоспарланған», - деді.

Жалпы, Маңғыстауда үш несие серіктестігі жұмыс істейді. Соның бірі - 140-тан аса мүшесі бар «Мұнайлы несие» ЖШС. Қаржы институты жыл басынан бері 344,3 млн теңгеден асатын 18 жобаны қаржыландырған.

«Елімізде 206 несие серіктестігі жұмыс істейді, олар 23,5 мың шаруашылықты біріктіріп отыр. Форум – солардың басқосуы, мәселелерді талқылау, даму үдерісіндегі жаңа стратегиялық бағыттарды айқындау мақсатында ұйымдастырылып отыр», - дейді АӨК Несие серіктестіктері қауымдастығының басқарма төрайымы Альмира Сағатова.

Соңғы жаңалықтар