Несие берген банктерге қызметтері үшін комиссия алуға тыйым салынады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банктерге несие берумен және қызмет көрсетумен байланысты шоттар бойынша комиссия алуға тыйым салынады. Бұл туралы бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Заң жобасы аясында 16 заңнамалық актілерге, оның ішінде 8 кодекске түзетулер қарастырылады. Жалпы алғанда, заң жобасы меншік иелерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған түзетулердің бес тобын қамтиды. Біріншіден, банктің қарыз шарттары бойынша түзетулер ескерілген. Мысалы, несие беру және қызмет көрсетумен байланысты шот бойынша комиссияларды алуға тыйым салу ұсынылады. Осы мақсатта банктерге кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес банктік қарыз беру шарттары бойынша, сондай-ақ банктік шотқа қарыз есептеуге, банктік шотты жүргізгені үшін комиссия белгілеуге және алуға шектеу қою қаралған. Себебі аталған операциялар несиелеу процесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан олар бойынша жеке тұлғалардан қосымша комиссиялар алынбауы тиіс», - деп түсіндірді министр.

Сонымен қатар, жеке тұлға жылжымайтын мүлікке ипотекалық шарты бойынша төлемді 6 ай бойы жасай алмаса, оған банк пайыздарын есептеуді тоқтата тұру қарастырылады.

«Бұған қоса, осы топтағы түзетулер аясында кепілге қойылған мүлікті кепіл берушімен дербес өткізу ережелері көзделген. Бұл борышкерді мүлікті мейлінше жоғары бағаға өткізуге ынталандырады», - деді Марат Бекетаев.

Талқылаулардан кейін палата депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Соңғы жаңалықтар