Несие алып беремін: Бес өскемендік алаяққа 3,4 млн теңгесін беріп қойды

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласының 5 тұрғыны микроқаржы ұйымдарынан несие алып беремін деген алаяққа алданып, 3,4 млн теңгеге шығынға батты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, алаяқтық арбауына түскен 5 адам полицияға арызданды. 23 жастағы қала тұрғыны жәбірленушілердің атына қымбат смартфондар мен смарт-сағаттар рәсімдеген. Оларға келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы 3 400 000 теңгені құрады.

«Жедел-іздестіру шараларын жүргізген полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ер адам өз кінәсін мойындап отыр. Анықталғандай, ол жәбірленушілерге микроқаржы ұйымдарынан несие алып беремін деп сендірген. Содан кейін олардың аттарына тауарлық несие алған», - делінген ақпаратта.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне (Алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар