Неміс офицерін тұтқындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін алған гвардия-панфиловшы Н.Құсайынов (ФОТО)

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - 1941 жылдың қараша айында Волоколамсктің қасында тұрған неміс бөлімдерін Мәскеуден күре жолдағы бірнеше сағаттық жол ғана бөліп тұрды.

Алайда бұл бағытта Алматы қаласында Қазақстан және Қырғызстан тұрғындары үшін құрылған, генерал Иван Васильевич Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясы тұрған. Панфиловшы жауынгерлер жаудың қысымына төтеп бере алып, фашистік «Орталық» армиясының алға жылжуын тоқтатты.

Қаза тапқан гвардияшылардың саны мен олардың есімдері туралы келіспеушіліктердің әлі күнге дейін бар болғанына қарамастан, жиырма сегіз гвардияшыл панфиловшылардың қаһармандық ерлігі ұрпақтардың есінде мәңгі сақталатыны сөзсіз. Олар фашистік басқыншылармен батыл шайқасып, арттарында өшпес даңқ қалдырды. Бұл ерлік өмірлерін қиып, Мәскеуді жаудан қорғап шыққан Панфилов дивизиясының барлық жауынгерлерінің табандылығын көрсетеді.

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне осындай панфиловшы батырлардың бірінің немересі, Шанхай ынтымақтастық ұйымы Хатшылығының қызметкері Ұлан Нұхитжан баяндап берді.

«Менің атам Нұхитжан Құсайынов басынан кешірген соғыстың ауыр жылдарын еске түсіргенді ұната қоймайтын. Бірақ мен оны майдан өмірінің қызықты сәттері жайында бөлісуіне көндірдім», - деп баяндады өз әңгімесін майдангердің немересі.

Оның айтуынша, 1943 жылы Кеңес Армиясының шабуылдарының бірінде фашистер өз позицияларынан шегіне бастады. Жауынгер-панфиловшылар көтеріліп, жауға қарай шабуылдап жүгірді. Бірақ, орынға жүгіріп келгенде, өз зеңбіректерінің соңғы снарядтарының жарылуына тап болды. «Атам немістің окопына секіріп, жарылыстар тоқтаған соң, онда ес-түссіз жатқанымен, тірі болған неміс офицерін байқады. Атам көп ойланбастан немістің қолын байлап, оны штабқа жеткізді. Тұтқынға алынған адам - немістің орта звеносының офицері болып шықты. Онда фашистік жасақтардың диспозициясы жазылған бағалы карта болған. Бұл үшін атам «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталды», - дейді Ұ.Нұхитжан.

Ол Н.Құсайыновтың кезекті наградаға ұсынылған оқиғаның кезекті эпизодын баяндап берді: «Түнгі шайқастардан кейін артқа шегінген фашистік жасақтарды қуалап, таң атқанда орман сілемінен ашық жерге шықтық. Кенеттен әуеде неміс ұшақтары пайда болып, жерге бірдене лақтыра бастады. Біз оны бомбалар деп санап, жерге жатып қалдық, бірақ жарылыстар болған жоқ. Командир маған және тағы бір сарбазға ұшақтан лақтырылған заттар құлаған жерді барлап шығуды тапсырды. Тексеріп шықсақ, бұл снарядтар емес, жылы киімдер мен азық-түлік салынған қаптар еді. Кейін немістер өз құрамаларының олар шегінген соң дислокациясындағы өзгерістерді есепке алмағаны анықталды. Қызығы, оларда 1914 жыл деп белгіленген мөрлер еді, яғни бұл сонау Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңінен бергі немістің «қол тигізілмеген қоры» болған».

Н. Құсайынов 1916 жылы Алматы облысы Гвардия ауданы Кривошеевка ауылында дүниеге келген. Қызыл Армия қатарына 1941 жылдың 17 шілдесінде шақырылып, Ұлы Отан соғысының Батыры генерал-майор И.В. Панфиловтың аты берілген 316 атқыштар дивизиясының құрамында шайқасты.

30-шы және 1077-ші гвардиялық атқыштар полкінің құрамында болған Н. Құсайынов Мәскеу, Калинин мен Псков облыстары түбіндегі шайқастарға, Балтық жағалауындағы қалалар мен елді мекендерді (Резекне, Мадона, Ауце, Салдус, Огре және Латвия астанасы Рига қаласы) азат етуге қатысты.

Ол көлік ротасының арбакеші және атқыш-автоматшы болды. Екі рет ауыр жараланған, 1946 жылы аға сержант болып әскерден қайтты, бірінші топтағы мүгедектік алды. Соғыс аяқталған соң Талдықорған облысы 28 гвардияшылар атындағы ауданның «Бірлік», «Октябрьге 12 жыл», «Ш. Уәлиханов атындағы» ұжымшарында төраға болып қызмет атқарды, «Амангелді» ұжымшарында бас есепші және партия ұяшығының хатшысы, Талдықорған облысы Кербұлақ ауданы Шанханай ауылдық кеңесінің төрағасы, бас зоотехник, партия ұйымдарының инспекторы, т.б. қызметтерін атқарған.

Н. Құсайынов 1996 жылдың сәуір айында көз жұмды. Оның үш ұлы мен үш қызы, 16 немересі және 16 шөбересі бар.

Ұлы Отан соғысы кезінде көрсеткен ерлігі үшін «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, Мәскеуді қорғауға атсалысқаны үшін, «Ерлігі үшін», «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарында Германияны жеңгені үшін» медалімен, т.б. марапатталған.

Н. Құсайыновтың балалары мен немерелері Ұлы Отан соғысы ардагерінің орден-медальдары мен мақтау қағаздарын, соның ішінде Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан алған құттықтау телеграммасын көздерінің қарашығындай сақтап жүр.

Соңғы жаңалықтар