Немересін құтқармақ болған әйел «полицейге» 400 мың аударған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер зейнеткер әйелді телефонмен алдап, оның 400 мың теңгесін олжалаған алаяқты іздеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшыларына Мағжан Жұмабаев ауданының 60 жастағы тұрғыны жүгінген.

Зардап шегушінің айтуынша, оған телефонмен белгісіз біреу хабарласып, өзін құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырған. Сондай-ақ әйелге немересінің келеңсіз жағдайға тап болғанын, бұл мәселені «шешу» үшін 400 мың теңге төлеудің қажет екенін айтқан. Есі шыққан әйел қаскөйдің барлық талаптарын орындап, көрсетілген шотқа ақша аударған. Тек кейін өзінің алаяққа жем болғанын біліпті.

Аталған дерек «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

«Әйел адамның немересіне хабарласып, мән-жайды сұрамағаны түсініксіз. Әрине, қылмыскер психологиялық қысым көрсеткен. Алайда, мұндайда абдырамай, көмек қажет деген туысына хабарласып, мән-жайды өз аузынан білген жөн. Телефон алаяқтығы өткен жылдары белең алған. Енді қаскөйлер интернет-кеңістікке ауысқан», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Полицейлердің айтуынша, интернет-алаяқтар көбіне өздерін банктің қауіпсіздік қызметі өкілі ретінде таныстырады. Кейін оның шотынан біреу ақша шешіп жатқандығын айтып қорқытып, тез арада банк картасының кодын айтуды талап етеді. Осылайша қылмыскер интернет-банкинг арқылы шоттағы ақшаны қолды етеді. Бүгінгі күні бұл – киберқылмыстың кең тараған әдісі.

Жалпы СҚО полицейлері жыл басынан 46 интернет-алаяқтықты ашты.


Соңғы жаңалықтар