Негізсіз салық төлеу туралы хабарлама келіп тұрса кайда жүгінуге болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Негізсіз салық төлеу туралы хабарлама келіп тұрса кайда жүгінуге болады? Бұл сұраққа ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Садықов жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салық төлеу тәртібін, салықтық әкімшілендіру саласын жеңілдетіп, цифрландыру үшін біршама бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін не тындырдық? Біріншіден мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен онлайн интеграция ретке келтірілді. Яғни қазіргі уақытта салық органдары онлайн режимде өзіне қажетті мәліметтерді ала алады. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің eSalyq мобильді қосымшасы жұмыс істеп тұр», - деді Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Садықов тікелей эфирде сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша аталмыш мобильді қосымшада салықтық әмиян қызметі іске қосылған.

«Ол салық төлеушілердің көптеген мәселесін шеше алады. Қазір салық төлеу үшін міндетті түрде салық органдары мекемесіне барудың қажеті жоқ. Бұл қосымшаны ұялы телефондарға жүктеп алуға болады. Сонымен қатар салық әмиянын толтырып алу мүмкіндігі де бар. Сондай-ақ бұл қосымша қазіргі және алдағы салықтық міндеттер туралы ақпарат беріп отырады», - деді ол.

Азамат Садықов Мемлекеттік кірістер комитеті Әкімшілік полиция қызметімен бірге салық әмиянында көлік құралдары бойынша мәліметтерді түзеу сервисі іске қосылғанын жеткізді.

«Бұл дегеніміз не? Ішкі істер органдарының салық туралы жіберген хабарламамен келіспеген жағдайда салық төлеуші уәкілетті органға бұл мәліметті түзеу туралы хабарлама жолдай алады. Уәкілетті орган ол ақпаратты тексеріп, шынында да қателік кеткенін анықтаса, мәліметтерді түзеп, ол туралы хабарлама бізге түседі. Тиісінші қарыз бойынша мәлімет түзетіледі. Жылжымайтын мүлік бойынша мәліметтерді түзеу сервисі де осындай әдіспен жұмыс жүргізеді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар