Негізгі ҰБТ-ға қатысқан 130 мың талапкердің 67 пайызы ғана шекті балды жинады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 130 мыңға жуық түлек тест тапсырды. Оның ішінде 75,7% – қазақ тілінде, 24,1% - орыс тілінде, 0,1% - ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҰБТ басталғалы шекті балды 67% жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол - 65 балл.

Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды.

Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммасыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді.

Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл төрт апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 415 бала қатысты.

Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті.

Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады.

Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады.

Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданды.

Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өзіне, сондай-ақ кәмелет жасына толмаған тестіленушілердің ата-анасына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.

Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады.

Ереже бұзған және тест тапсырмасын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы оларды анықтап, нәтижесін жояды.

Бүгінгі таңда 174 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан 159 адам шығарылып, олардың жинаған балы жойылды.

«Прокторинг тек кіргізу және ҰБТ өткізу барысында ғана емес, сонымен қатар тестілеу аяқталған соң да жүргізіледі. Қазіргі таңда постпрокторинг, яғни бейнежазбаларды қайта тексергеннен кейін 14 тестіленушінің нәтижесі жойылды. Бейнежазбаларға талдау жылдың соңына дейін жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану және ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда, оқуға түсушінің ҰБТ көрсеткіші күшін жояды», – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі.

Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді.

Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.

Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.


Соңғы жаңалықтар