Негізгі көкөністермен ішкі нарықты толық қамтып отырмыз – Ербол Қарашөкеев

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Көкөніс бағасының маусымдық қымбаттауын болдырмау үшін сақтау қоймаларын күшейту қажет. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көкөністердің негізгі түрлері бойынша ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеміз. Мәселен, 2022 жылы 4,1 млн тонна картоп, 621 мың тонна сәбіз, 1,1 млн тонна пияз және 551 мың тонна қырыққабат өндірілді», - деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Жеміс-көкөніс өнімдерін өндірудің едәуір көлеміне қарамастан, қыс-көктем кезеңінде сақтау қуатының жетіспеуінен нарықта отандық көкөністер ұсынысының төмендеуі байқалады.

Бұл нарықта импорттық өнімнің өсуіне және маусымаралық кезеңде бағаның өсуіне әкеледі.

«Аталған мәселенің шешімі көкөністерді сақтау қуатын арттыру болып отыр. Ол отандық өнімнің бір бөлігін маусымаралық кезеңде сақтауға және сатуға мүмкіндік береді. Қазір республика бойынша жалпы сақтау сыйымдылығы 1 952,8 мың тонна болатын 1 208 көкөніс қоймасы, оның ішінде 770 көкөніс қоймасы, 382 картоп қоймасы және 55 жеміс-жидек қоймасы бар», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Бұған дейін Е. Қарашөкеев Қазақстанда сүт өндірісін дамыту үшін шикізат базасы әлсіз екенін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар