Негізгі азық-түлік түрлері толықтай Қазақстан аумағында өндіріледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев алдағы жылдары Қазақстан импортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінен арылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2017 жылы өңделген ауылшаруашылық өнімдері тұрғысында импорттың көлемі өскеніне тоқталған ол: «Бірақ экспорт та артты, жалпы сыртқы тауар айналымы 14  пайызға жоғарылап отыр. Енді біздің ішкі нарық толығымен  импортқа тәуелді деп айтқан қисынсыз. Өйткені 30 ең маңызды азық-түлік түрінің 25-і бойынша өзімізді қамтамасыз етудеміз. Бидай, ұн, майлы дақылдар, сондай-ақ еттің түрлері сияқты негізгі тағамдар бойынша сұраныстан бірнеше есе артық өндіріледі», - деді.

Оның сөзіне қарағанда, 5 позиция бойынша, яғни қант, шұжықтар, құс еті және жеміс-жидек секілді өнімдер аясында импорт 50 пайызға дейін жетеді.

«Сондықтан да биыл мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізудеміз. Соның ішінде ет өнімдерін экспорттау, шетелге саудаланатын астық өнімдерінің тізбесін кеңейту шаралары ескерілген. Бұдан бөлек, импортты алмастыру бағытында құс етінің көлемін көбейту бойынша үлкен өндірістер іске қосылуда. Осы орайда Бұланды ауданында (Ақмола облысы) 60 мың тонна құс етін өндіретін зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қызылшадан қант шығаратын өндірістер саны артатын болады. Жалпы, бағдарлама аясындағы жоспарлар іске асса, импортқа қатысты мәселелер шешімін табады», - деп түйді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар