NEET санатына қандай жастар енеді - министр жауабы

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мәжілісте жаңа ұғым – NEET санатына қандай жастар енетінін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетейік, министр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымға ұсынды.

«Елімізде жұмыссыз және оқудан шығып қалған жастар көп екені белгілі. Бұл мәселе заң жобасында кеңінен қарастырылған. Атап айтқанда, NEET санатындағы жастарды біз 4-ке бөлуді қарастырдық. Оның біріншісі – жұмыссыз жастар, оқудан шығып қалған, колледждер мен мектептерден шығып қалған жастар. Біз оларды анықтаймыз, халықты жұмыспен қамту орталықтарынан деректері алынады. Екінші санатта – жұмыс істей алатын мүгедек жандар, үшінші санатта – әртүрлі созылмалы аурулармен ауыратын немесе алкоголь және басқа да зиянды нәрселерге тәуелді, белсенді емес жастарымыз бар, ол жастармен де жұмыс істеуді қолға аламыз», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

Айтуынша, NEET бойынша төртінші санатқа үй шаруасындағы жастар, көпбалалы немесе жалғызбасты аналар енеді.

«Ең алдымен, олардың өңірлердегі аумақтық санын анықтаймыз, қазақстандық есептеу тәсілімен индекске енгіземіз және жұмыспен қамту шараларын қолға аламыз», - деді Дархан Қыдырәлі.

Бұған дейін министр жастар саясаты туралы заң жобасында қандай жаңашылдықтар бар екенін түсіндірген еді. Заң жобасында «Жастардың даму индексі», «Жастардың әлеуметтік қызметтері», «Уақытша жұмысқа орналаспаған жастар (NEET)», «Жастармен жұмыс жөніндегі маман», «Жастардың еңбек жасақтары», «Жастар ресурстық орталықтарының функцияларын кеңейту» ұғымдарын заңнамалық бекіту ұсынылған.


Соңғы жаңалықтар