Назгүл Кенжетай: Әлемде соғыс біткенде бейбітшілік жайында жазуға көшемін

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде дүниеге келген саяси және әскери журналист Назгүл Кенжетай бүгінде халықаралық журналистикада өз өрнегін айшықтап үлгерді.

Әрбір жазған мақаласы мен түсірген фото суреті арқылы оқырманның қызығушылығын туғыза білетін ол жас та болса үнемі ізденістің арқасында әлемнің қазіргі тыныс-тіршілігінің тамыр бүлкілін боямасыз беруге тырысады. Ол биыл еліміздегі «100 жаңа есім» республикалық жобасының жеңімпазы атанды. Алдағы күндерде алдына ауқымды мақсат қойған Назгүлмен ҚазАқпарат тілшісі қысқаша ой бөліскен еді.

- Назгүл, өзіңді «100 жаңа есім» жобасы жеңімпазы болуыңмен құттықтаймыз. Алдағы уақытта толағай табыстар тілейміз. Әңгіме басында алдымен өзің жайында қысқаша айта кеткенің артық болмас.

- Мен 1995 жылы Қызылорда қаласында көпбалалы қарапайым отбасында дүниеге келдім. Әкем Тұрсынбай Кенжетай мен екі жасқа келгенде, 1997 жылы дүниеден озды. Ол инженер болған. Анам Бакытгүл Бекмұратова бүгінде «Жас өркен» колледжінде физика пәнінен мұғалім болып қызмет атқарады. Әріптестері анамды тәжирибелі, білікті ұстаз ретінде құрмет тұтады. Менің өмірлік ұстазым - анам. Анам мені алға жетелей түсті. Алдыма мақсат қоюды үйретті. Аяулы жанның алтын сөздері мен еріксіз сенімі маған әрдайым қанат бітіреді. Мен үйдің кенжесімін.

- Қиындығы мен қызығы қатар жүретін журналистика мамандығын таңдауыңа не әсер етті? Оның ішінде саяси және әскери тақырыпқа қызығушылық білдіруіңнің себебі қандай? Әдетте, қыз баласына бұл тақырып оңай соқпасы белгілі ғой.

- Мен кішкентайымнан өлең жаттауға құмар болдым. Әлі есімде, 4-5 жасымнан Абайдың өлеңдерін жатқа айтатын едім. Бүгінге дейін Абай өлеңдеріне қызығушылығым ерекше. Міржақыптың «Оян қазағымен» де руxтанып келемін. Кішкентайымнан үлкендердің мені журналист болады деген сөздері жадымда қалды. Кейін басқа мамандық жайлы ойлай алмайтын дәрежеге жеттім. 2013 жылы Түркияның мемлекеттік грантын жеңіп алып, сол елде журналистика факультетінде білім алып шықтым. Мұнда сол факультетті бітіріп шыққан журналистер жерде қалмайды. Әрбір профессор студенттің маман ретінде жетілуін маңызды деп біледі. Аз ұйықтап, көп үйрендім. Сол арқылы 5 жылда өзім үшін көп нәрсе үйрендім деп айта аламын. Ұстаздарымның кеңесімен әскери және саяси журналистиканы таңдадым. Көптеген сынақтан өттім. Саяси тақырыпта алғырлығымды байқаған профессорлар арнайы тапсырмалар бере бастады.

- Ендігі кезекте аталмыш тақырыптар бойынша қандай ізденістер жасағаныңды айта кетсең... Себебі, бұл тақырыпқа әрбір журналист қалам тарта бермейді. Ол зерделі зерттеу жасағанды қажет етеді емес пе?

- Саяси қақтығыстар жайында айта кетсем, мұғалімдердің сынағынан сүрінбей өтіп, олардың фаворит студенттерінің біріне айналдым. Кейін қақтығыстарды жақыннан зерттеу керектігін түсіндім. Көзбен көрмеген жағдайдың 90 пайызы өтірік. Ал сіз жазған материалыңызды сурет видео арқылы дәлелдесеңіз, үлкен жетістік. Осылайша, қақтығыс болып жатқан жерлерді жақыннан зерттеуге мүмкіндік алдым. Әрине, әскери жағдай қиын. Дегенмен бұл - менің жұмысым, тек қана жұмыс емес, білдей бір қоғамның тағдыры. Ең алдымен, кез келген әскери қақтығыста адам тек бір нәрсені ойлайды. Ол жерден қалай аман шығам деген ой ғана болады. Көптеген босқындардың шарасыздығын көріп, шүкір етесің. Олардың жанайқайына ортақ болып барынша көмектескің келеді. Ол шындықты көрген әркім бей-жай қарай алмайды.

- Журналистиканың аталмыш бағытын таңдауыңа отбасың қалай қарады? Қарсылық білдірген жоқ па ?

- Отбасым менің шешімімді әрдайым қолдайды, сыйластықпен қарайды. Маған сенеді. Мен де олардың сенімін ақтау үшін екі есе артық еңбек етіп жатырмын. Болашақта өз медиамды құрсам деймін. Қазақстанның әлемге деген өз қөзқарасын танытсам деген ойым бар. Әскери журналист ретінде қызметімді жалғастыра беремін. Әлемде соғыс біткен кезде мен де бейбітшілікті жазуға көшемін. Бірақ, өкінішке қарай, әзірге бұл мүмкін емес. Осы жылы әскери журналист ретінде көптеген маңызды жобам бар. Әлем журналистикасынан біздің еліміздің үйренері өте көп деп санаймын. Себебі, біз журналистиканың қыр-сырын әлі толық тани алдық деуге ерте. Әлі күнге дейін корреспонденция мен журналистиканың айырмашылығын ажырата алмай жүргендер бар. Өзіндік пікір айтуға келгенде шорқақ екенімізді жасыра алмаймыз. Біз көбінесе көшіруден әріге аса алмай келеміз. Біз жаңалықты алғашқы болып алуға тырыспаймыз. Осы қателерді түзету үшін халықаралық медиа құруды жоспарлап отырмын. Бұл бағытта қалай жұмыс істеу керек екені жөніндегі сауалдарға сол жобам арқылы жауап беруге ниет танытып отырмын.

- Туған топыраққа жиі келіп тұрасың ба? Сыр өңірі өзіңді қандай ерекшелігімен баурап алады?

- Сәтін салса, туған жерге жылына бір-екі рет келіп кетуге тырысамын. Әрине, өзімнің құтты мекенімнің ауасы да, тасы да, суы да өзгеше. Кім екенімді, қайдан шыққандығымды еске түсіреді. Әлем дүрбелеңінен шаршағанымда туған жердің ауасы маған дәрідей келеді. Туған жердің барлық жері - маған құтты мекен. Елімнің әрбір қара топырағы мен үшін қадірлі, қасиетті. Елге келгенімде мойнымдағы жауапкершілікті сезінемін. Ол - елімнің, отбасымның алдындағы жауапкершілік. Қайтсем осы елге пайдам тиер деп жүрген Алаштың жанашырымын.

Соңғы жаңалықтар