Назарбаевтың өз қолымен сызған суреті Астананың көрікті ғимарат, ескерткіштеріне айналды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының бас сәулеткері - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының идеясы мен ұсыныстарының арқасында Астана Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған көз тартар бірегей келбетке ие болды. Қазақстан Республикасының Президентінің өмірі жайлы ең алғашқы ресми тарихи-биографиялық зерттеу кітабында Астанадағы «Отан-Ана» монументі мен Президенттің Мәдениет орталығының Н.Назарбаевтың қолымен салынған нобайлары берілген.

Расында, Бас қаланың көптеген ғимараттары, ескерткіштері кезінде Президенттің сурет, сызба және нобай түрінде түсірген ойларынан, идеяларынан алынды. Ал қала құрылысына қатысқан әлемнің белгілі сәулеткерлері Нұрсұлтан Назарбаевтың ойларын өмірде жүзеге асыра білді. Олардың арасында Кисе Курокава, сэр Норман Фостер, Кензо Танге және тағы басқалар бар. Ғимараттардың басым көпшілігі Астананың ең көрнекі орындары мен қаланың өзіндік рәміздеріне айналды.

 Соның бірі -  Астанадағы бұрынғы Президенттік мәдениет орталығы, қазіргі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі. Бұл - Астана сәулетіндегі зәулім ғимараттардың бірі. Бұрынғы орталық, қазіргі музей үлкен биіктіктен қазақ халқының мәдениетіне тән, сәулелері әлемнің төрт бұрышына таралатын дөңгелек ретінде көрінеді. Бүкіл сәулет композициясының осьтік орталығы радиусы 19,5м, ғимаратқа түркілік сипат беретін, 16 метрлік күмбезбен бекітілген 5 қабатты мұражай болып табылады. Күмбездің жоғарғы жағы бірінші қабаттың едені деңгейінде орналасқан.

null

Елбасының идеясынан туып, нобайына дейін өзі сызған тағы бір ескерткіш - Отан Ана монументі. «Отан қорғаушылар» мемориалы символикалық мазмұны кешегі мен бүгінгі, ертеңгі ұрпақтар жалғастығын білдіреді. Мемориалдың өзегі - биіктігі 37,5 метр, салмағы 63 тонналық алып монумент - ана бейнесі. Ақ кимешекті әйел-ана алтындатылған зерлі кесесіне ақ құйып оны, ұлттық дәстүрге толы көңілімен, келе жатқандарға қос қолдап ұсынуда. Ескерткіш 2001 жылы 7 мамырда тұрғызылды.

 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Wall street journal» газетінің «Президент жаңа астананы жобалауға қатысты ма?» деген сұрағына: «Әрбір үйді жобалауға қатыстым. Әрбір архитектуралық  жобаға қатыстым. Бұл тіпті үйлердің түсіне де қатысты... Мен - архитектормын және оған еш ұялмаймын»,-деп жауап берген екен.

Ал «Еуразия жүрегінде» атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев былай деп жазады: «Дәуірдің табы мен мәнері екі-үш айшықты сызбамен бейнелене береді. Эйфель мұнарасы, Вестминстер, Кремль... Бұл астаналық нышандар - әлем картасының ең үздік жолбасшылары. Олар бұл күнде солай жаратылған сияқты қабылданады. Алайда олар белгілі бір адамдардың дарынымен және еңбегімен жасалған. Астананы құру - ұлттық тарихтың жаңа мәтінін жазу. Мұндай мәртебе әр ұрпақтың маңдайына бұйыра бермеген. Екі мың жылдықтың тоғысында біз шешім қабылдап, Еуразияның жүрегінде ic жүзінде жаңа астана құрдық. Қас қағымдай болып сегіз жыл өте шықты. Күнделікті қауырт тіршіліктен қолым қалт еткенде, мен осы кітапта күнделік жазбаларымның шашыраңқы беттерін біріктіруді ұйғардым. Күрделі шешімдер, қанаттастардың көмегі, сәулет саласындағы ізденістер, қаланың болашағы туралы ойлар, өлкенің аңыздары мен жер-су атаулары, тұрмыстың түйткілдері, тарихи салыстырмалар, Астананың бедері мен әсемдігі, бір сөзбен айтқанда, жаңа елордаға арналған менің ойларым мен істерім - бәрі-бәрі осында».

Соңғы жаңалықтар