Назарбаева: Мәслихаттар мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге белсенді қатысуы тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Мәслихаттар табиғатты қорғауға арналған жергілікті бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылауға алуы тиіс.

Бұл туралы бүгін Қазақстан мәслихаттарының 25 жылдығына арналған республикалық конференцияда ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мәслихат депутаттары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өз аумақтарындағы проблемалардың барлығын да жақсы білетіндігі сөзсіз. Соған сәйкес олар мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге, тірек және спутниктің елді мекендердің тізбесін түзуге барынша белсенді қатысуы тиіс», - деді Сенат спикері.

Осы ретте ол қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі 2025 жылға дейін өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп жатқанын және оған мәслихат депутаттары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары араласуы тиістігін баса айтты.

«Таяуда, Сенатта біз су мен су үнемдеу, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және қайта өңдеу проблемалары туралы айттық. Қоршаған ортаның ластануы, су сапасының нашарлығы адамдардың денсаулығына әсер етіп, өмірлерін қысқартады. Экологиямызды, туған жерімізді сауықтыру бойынша жедел нақты шаралар қажет. Олай болмаған жағдайда жеріміз үлкен қоқыс алаңына айналады», - деді Дариға Назарбаева.

Сенат спикерінің дерегінше, кәсіпорындар ағын сулардың шамамен 50 пайыздан астамын тазартпастан ағызып жібереді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 3 500-ден астам полигонның 17 пайызы ғана санитарлық нормаларға сай келеді. 8 608 санкцияланбаған қоқыс алаңы анықталған. 2018 жылы қайта өңделген және жойылған тұрмыстық қалдық үлесі небәрі 11,5 пайызды құраған. Бұған қоса, 30 мрлд тоннадан астам өнеркәсіп қалдығы жиналып қалған. 2018 жылы оның небәрі 32 пайызы ғана өңделген.

«Жергілікті атқарушы органдар бюджетте табиғатты қорғау шараларына арналған қаражаттың жоқтығын айтып шағымданады. Бұл орайда қоршаған ортаны ластау эмиссиясы үшін барлық төлемдер жергілікті бюджетке түскенімен басқа мақсаттарға жұмсалады. Барлық деңгейдегі мәслихаттар табиғатты қорғауға арналған жергілікті бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуын бақылауға алуы тиіс», - деді Дариға Нұрсұлтанқызы.

Соңғы жаңалықтар