Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ауыл балаларына ЭКСПО билеттерін сыйлады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «ЭКСПО-ның жас елшілері» атты жазғы мектеп ашылды. жүзге жуық бала «Болашақ энергиясын» өз көзімен көру үшін республиканың түпкір-түпкірінен арнайы келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Балаларды ЭКСПО-ға шақыру үшін республикадағы зияткерлік мектеп оқушылары қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырып, 9 миллион теңге жинап берген. Сондай-ақ, Халық банкінің «Халық» қайырымдылық қоры да қаржылай демеушілік көрсеткен.

«Назарбаев зияткерлік мектептерінде әлеуметтік жобалар жыл сайын өткізіліп тұрады, - дейді «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Шамшаддинова Күләш. - Биылғы жоба ЭКСПО-мен байланысты. Бұл жолы Астанаға қыдырып келуге мүмкіндігі жоқ ауыл балаларына көмектескіміз келді. Республика бойынша 20 зияткерлік мектеп қайырымдылық жәрмеңкелерін өткізіп, 9 миллион теңге жинап берді. Халық банкі 13 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті. Осылайша, еліміздің барлық өңірлерінен келген 100 баланың шығындары толық өтелді».

ЭКСПО-дан бөлек, балаларға елорданың да көрікті жерлерін көрсету жоспарланған. Атап айтқанда, балалар Бәйтерек, Астана Опера театры, «Думан» океанариумы, «Атамекен» этно-мемориалдық кешені, Сәкен Сейфуллин музейіне барып, Есіл өзенінде қайықпен серуендейді.  Өз кезегінде, Халық банкінің қызметкерлері оқушыларды теңгенің және еліміздегі қаржы нарығының пайда болу тарихымен таныстырады.

Бес күндік жазғы мектеп бағдарламасында спорттық ойындар, ғылыми және шығармашылық жобалармен айналысу қарастырылған. Сондай-ақ, оқушылар бос уақыттарында Зияткерлік мектеп жанындағы қыш қолөнері, өнер жизайны, әуе көлігін модельдеу, актерлік шеберлік, хореография, домбыра  үйірмелеріне қатыса алады.

Жазғы мектеп соңында балаларға жаңа оқу жылына арналған оқу құралдары бар «ЭКСПО тартуы» сөмкесі сыйланады.

null

Фото: Игорь Бургандинов

Соңғы жаңалықтар