Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім стандартын жаппай енгізу – тарихи қадам

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Эльмира Сүлейманова Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәжірибелі ұстаз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жылдағы дәстүрмен жасаған соңғы Жолдауы - еліміздегі ең маңызды саяси оқиғала ретінде қабылданатын тарихи құжат екендігін айтты.

«Жолдаудан Қазақстан халқы үлкен үміт, жақсылыққа ұмтылыс, жаңалық күтіп үйренгені рас. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеруге бағытталған биылғы Жолдау өзгеше форматта өтуімен ел назарын аударды. Президент халықтың жағдайы мен мемлекет дамуына жауап беретін әрбір сала жетекшілерінің жұмысын сынға алды. Жалтаруға, жауырды жаба тоқуға жол бермей, сала жұмысы бойынша көзбе-көз есеп сұрады. Бұл не деген сөз? Ең алдымен, Президент халықтың жағдайынан жақсы хабардар. Президент Қазақстанның әрбір адамы үшін, тұтас халқы үшін алаңдайтынын, сәт сайын қамқорлық жасалу керегін, министрлердің, әкімдердің сол мақсат үшін тағайындалып, халыққа қызмет ету - басты міндет екенін еске салды. Бұл мемлекетіміздің әлеуметтік, демократиялық айқын сипатын айғақтай түседі», - деді ол.

Мұғалімнің айтуынша, Елбасы Жолдауынан соң мектептерді реформалаудың соңғы нүктесі қойылды.

«Президент барлық мемлекеттік орта білім беру орындарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің стандарттарына келтіру міндетін нақтылап белгілеп берді. Әрине, меже биіктігіне ұмтылыс бірте-бірте оқу-материалдық базаның да сәйкес жабдықталуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Расында да, соңғы жылдарда мектеп дамуында біраз белгісіздіктің белең алғаны белгілі. Ендігі жерде Назарбаев Зияткерлік мектептерінің үлгісі барлық орта мектептер үшін бірден-бір міндетті бағдар болатын болды. Бүлдіршіндерді ерте бастан дамытудың бірегей стандартын түзген өз мемлекеттік бағдарламамыздың болуын Елбасымыз орынды ескертіп кетті. Олардың оң жүзеге асуына негіз болатын кейбір мәселелердің басын ашып берді. Әсіресе, білім беруді дамыту жолында Кембридж үлгісіндегі Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім стандартын таңдаудың бір ізге салынуын тарихи шешуші қадам деп білемін. Бұл қазақстандық жастардың жаппай шетелге ағылып, шетелде ғана оқуды мұрат тұтып, еуропалық білім стандартын мәртебе тұтуына тосқауыл болатыны анық. Ендігі жерде Еуропа үлгісіндегі үздік мектептердің тәжірибесін тек НЗМ ғана емес, еліміздегі барлық мектептерге енгізсе, сапалы жеткіншектер тәрбиелеуге мол мүмкіндік туады. Біз, Қазақстан педагогтары, осы жаңа талаптың үдесінен шығуға ұмтылуымыз керек. Себебі, еліміз бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу үшін біз тәрбиелеген шәкірттер бәсекеге қабілетін таныта алуы керек», - деді Эльмира Сүлейманова.

Айта кету керек, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Қазақстан халқына Жолдауын жария етті.

Стратегиялық құжат еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған.

 

Соңғы жаңалықтар