Назарбаев Университетінде құрылатын инновациялық кластерде халықаралық компаниялар зерттеу жүргізе алатын болады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Назарбаев Университетінде құрылатын инновациялық кластерде халықаралық компаниялар зерттеу жүргізе алатын болады. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов осылай мәлім етті.

Айта кетерлігі, Сенатта қабылданған дербес білім беру ұйымдарының қызметін реттеу мәселелеріне арналған заңға сәйкес, «Назарбаев Университеті» базасында инновациялық кластер құру көзделеді. Осыған қатысты депутаттар аталмыш кластер туралы кеңірек білгісі келген болатын.

«Университет екі салада жұмыс істеп келеді. Бұл - білім беру, екіншісі - ғылыми зерттеу жұмыстары. Қазіргі таңда оқу орнында 50-ден астам зертханалар бар, онда 200-ден астам ғалымдар жұмыс істеуде. Ендігі мақсат - зерттеу жұмыстарының нәтижелерін өндіріске тарту. Соған байланысты инновациялық кластер құрылатын болады», - деді А. Сәрінжіпов. Оның айтуына қарағанда, Университетке қазіргі таңда 50 гектар жер бөлінген, онда коммерцияландыру кеңсесі, технопарк, патенттік ұйымдар құрылатын болады.

«Бұдан бөлек, халықаралық компаниялардың зертханалары Университетке келіп, өз жұмыстарын атқара алады. Сондықтан да, біз заңға кластердің жұмысын реттеуге бағытталған өзгерістер енгізіп отырмыз», - деді министр. Сонымен қатар ведомство басшысы «Назарбаев Университетінің» миссиясына да тоқталып өтті. «Университет миссиясы - бұл қандай да бір элиталық жоғары оқу орнын құру емес, бұл - Астананы ғылым мен білім орталығына айналдыру. Екінші жағынан, Университет бүкіл Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуды қамтиды», - деді А. Сәрінжіпов.

Соңғы жаңалықтар