«Назарбаев Университеті» қазақтың элитасын тәрбиелеу үшін құрылды - Елбасы

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - «Назарбаев Зияткерлік мектептерін», «Назарбаев Университетін» қазақтың элитасын тәрбиелесін деп құрдық. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңесінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл мектептен қазір басқа елдерден де келіп үйренгісі келетіндер көп. Ондағы мүмкіндіктер ТМД мемлекеттерінде, басқа бірқатар елдерде жоқ. Әйтсе де бұған «біздің балаларымыз түсе алмай қалды, байлардың, бастықтардың балалары үшін жасалған екен» деген әңгіме бар екен. Бірақ, бұл мектептерге әділ біліммен ғана түседі. Адамзаттың баласының барлығы бірдей болмайды. Бес саусақ бірдей емес. Біреуі игереді, біреуі игере алмайды. Кім баласын жек көрсін, біз балаларымызды тәрбиелегенде «Сен президент боласың, сен сондай боласың» дейміз. Оның барлығы дұрыс. Бірақ, соған ертең жете алмаса бақытсызбын деп санайды. Ол дұрыс емес», - деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы сондықтан баланы жас кезінен еңбекке тәрбиелеу керектігін баса айтты.

«Зияткерлік мектепті, «Назарбаев Университетін» қазақтың элитасын тәрбиелесін деп жасадық. Елдің барлығының қабілеті жетпейді. Әркімнің ақыл-ойы, санасы әртүрлі болады. Былай ойлап қарасаңыздар, қазір дүниедегі адамдардың 2-ақ пайыздан астамының ғана жоғары білімі бар. Сондықтан халық түсіну керек. Бірақ осындай оқу орындарына қабылдау әділ болуы керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы мектепке қабылдауда «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болатын болса, қатаң жазаланатындығын ескертті.

Сондай-ақ Елбасы Атыраудағы «Назарбаев Зияткерлік мектебі» химия-биология бағытында білім беретіндігін айта келе: «Қазіргі күні дүниедегі ғылымның алдында тұрған біріншісі жасанды интелект, екіншісі биоинженерия, үшіншісі нанотехнология, төртіншісі ақпараттық технология. Осы төрт нәрсемен дүние жылжып барады. Біз соны басқаратын адамдарды дайындауымыз керек», - деп ескертті.

Соңғы жаңалықтар