Назарбаев Үкіметке «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын әзірлеуді жүктеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы»  атты жобасын іске асыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ - жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл - рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі. Біз - ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз», - деп жазады Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.

Осы орайда мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.  Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.

«Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды. Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі - неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол - ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз»,-деп нақтылады Н. Назарбаев.

Бұл тұрғыда биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек.  

Соңғы жаңалықтар