Назарбаев туралы кітап оқу процесінде қолданылады - Күләш Шамшидинова

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада тұсаукесері өткен «О великой жизни» - «Ұлы адам туралы ұлағатты кітап» атты тың туынды Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқу процесінде қолданылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Туындының тұсаукесерінде сөз сөйлеген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ басқарма төрағасы Күләш Шамшидинова Елбасы туралы кітапты қазақ тіліне аударған Қайнар Олжайға алғыс білдіріп, туынды туралы өз ойымен бөлісті.

«Мен бұл кітаптың қазақша аудармасын оқып шықтым. Кітапта ұлттық тәрбие көріп, салт-дәстүрімізден сусындап қарапайым отбасыдан шыққан баланың ел басқаруға дейін жүріп өткен жолы жеңіл тілмен жеткізілген. Жалпы біз бүгін Рухани жаңғыру туралы айтып жатырмыз. Олай болса, жас буынды тәрбиелеуде дәл осындай ұлағатты кітаптардың қажет болары даусыз. Кітапты оқып отырып, тұлғаны жаңа қырынан тани түстім. Елбасының халқына деген ұлы махаббатының арқасында тоқсаныншы жылдардағы қиындықты артта қалдырдық», - дейді Күләш Ноғатайқызы.

Басқарма төрағасының айтуынша, Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі оқушылар сабақ барысында тың туындыны қолданатын болады.

«Қазіргі әлемдегі Қазақстан» деген 11-12 сыныпта өтетін пән бар. Оқушылар аталмыш пәнді оқығанда әр түрлі материалдар мен оқулықтарды қолданады. Осы пәнді оқыту барысында балалар тілінде өте түсінікті әрі жатық жазылған тың туынды таптырмас оқу құралы болар деген ойдамын. Аталмыш кітап міндетті түрде оқу процесінде қолданылады», - дейді К.Шамшидинова.

Айта кетейік, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, тарихшы, жазушы Николай Зеньковичтің жаңа кітабы астаналық оқырмандардың қызығушылығын тудырды. Мұны тұсаукесер барысында автордың қолтаңбасымен кітапты алғысы келгендердің қатары көп болғанынан байқауға болады. Ресейлік жазушының кітабын қазақ тіліне белгілі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, қаламгер, белгілі журналист Қайнар Олжай аударған. Туынды қазақ және орыс тілінде де екі мың данамен таратылды.

Соңғы жаңалықтар