Назарбаев Шеврон компаниясын Қазақстан мұнайын игеруге қалай көндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тәуелсіздік тағылымы» атты тележоба барысында академик Кенжеғали Сағадиев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Шеврон компаниясын еліміздің мұнайын игеруге қалай көндіргенін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«1992 жылы сіз басқарған делегациямен Ұлыбритания мен Испанияда болдым. Сол күндердің  бірінде сіз бір банк ғимаратында Шеврон компаниясының басшыларымен кездестіңіз. Олардан 3-4, бізден 3-4 адам болдық. Олар келісімен амандастыңыз да тікелей сұрақ қойдыңыз. «Сіздермен біздің мұнай саламызға инвестор бола ма деп алдын ала пікір алмасып едік. Қандай шешімге келдіңіздер?» дедіңіз. Ол компанияның басшысы тура жауап берудің орнына: «Анау-мынау болмай жатыр, жұмысымыз көп», деп соза берді. Сіз сол кезде: «Сіздер біздің сұрағымызға жауап беруге дайын емес сияқтысыздар. Біздің халқымыз өте қиналып отыр. Тезірек еліміздің байлығын игеруге инвестор тауып, халқымыздың жағдайын дұрыстайық деп едік. Сіздердің жайбасарлықтарыңызды көтере алмаймыз. Ертең таңертеңге дейін жауап бермесеңіздер біз Теңізді игеруге басқа инвестор іздеуге мәжбүр боламыз», дедіңіз. Таңертең Шеврон компаниясы Теңізді игеруге инвестор болады деген ресми хабар келді», - деді Сағадиев.

Ал «Астана ЭКСПО» ҰК» басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов Қазақстан Президентінің 1997 жылғы Америкаға сапары кезінде 6  компаниямен келісім жасалғанын еске салды.

«Сонда келісімшарт бойынша 2007  жылдан бастап, 10 жылдан кейін пайда түсе бастайды делінген. Мен: «Нұрсұлтан Әбішұлы, 10 жылдан кейін ұзақ қой», дедім. Сіз: «Біз болашақты, болашақ ұрпақты ойлауымыз керек», дедіңіз. Қазір ол өзін-өзі ақтады», - деді Есімов.  

Соңғы жаңалықтар