Назарбаев пен Путин Петропавлдағы өңіраралық ынтымақтастықтың ХV форумына қатысады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавлда 9 қарашада Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"9 қарашада Петропавл қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының 15-ші форумы өтеді. 15-ші Форумның тақырыбы - «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудың жаңа тәсілдері мен үрдістері» , - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров бүгінгі брифингте.

Оның айтуынша, іс-шараға министрліктер мен ведомстволардың жетекшілері, Қазақстан мен Ресей өңірлерінің басшылары, туризм саласындағы бизнес өкілдері қатысады.

"Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының өңіраралық форумдары жыл сайын өткізіледі. Форумды өткізудің он бес жылдық тарихында ол екі ел арасындағы саяси және экономикалық өзара іс-қимылдың маңызды институты ретінде қалыптасып, өзін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде таныта білді. Алдағы іс-шараның негізгі мақсаты Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік саладағы өзара іс-қимылды кеңейту, оның ішінде, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризмнің әртүрлерін дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасу, туристік индустрияға өзара инвестициялардың келуін ынталандыру болып табылады", - деді ол.

Форум аясында Қазақстан-Ресей іскерлік кеңесінің отырысы, Қазақстан-Ресей туристік көрмесі, пленарлық отырыс, сондай-ақ үкіметаралық, өңіраралық және коммерциялық бағыттағы 30 құжатқа қол қою жоспарлануда.

Соңғы жаңалықтар