Назарбаев орталығы Пәкістанда халықаралық іс-шара өткізді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Пәкістанда «Бейбітшілік пен келісім жолындағы конфессияаралық және өркениетаралық диалог» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының алдағы XIX отырысын ақпарат алаңында кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Исламабадта өткен жиынға ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетті. Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшілігі де көмек көрсетті.

Дөңгелек үстелдің модераторы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының қатысушысы, Пәкістанның Исламдық зерттеулер институтының бас директоры-Мухаммад Зия уль-Хак әлемде болып жатқан ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар аясында конфессияаралық диалогты нығайтудың маңызын атап өтті.

«Адамзат барлық дін өкілдері жұмыла бірлесіп, күш-жігерін біріктіргенде ғана жеңе алатын ортақ қауіп-қатерге тап болады. Осы тұста Қазақстан ұсынып отырған бастамалар теңдессіз сипатқа ие. Қазақстан заманауи қоғам болмысын түсіне отырып, мемлекеттің ұлттық брендіне және рухани, мәдени символына айналған бірегей алаң - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі аясында барлық елдермен одан әрі диалогты дамытуға ниетті екені қуантады», - деді Мұхаммед Зия уль-Хак өз сөзінде.

Конфессияаралық келісімді сақтаудағы қазақстандық тәжірибе тақырыбын Қазақстанның Пәкістандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Кистафин жалғастырды.

«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылында Қазақстан дінаралық дамудың өзіндік бірегей моделін қалыптастырып үлгірді. Барлық өркениет, діндер мен мәдениеттер арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды буыны бола отырып, Қазақстан түрлі діндер мен конфессия өкілдерін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің бір алаңында біріктіре алды», - деді Е.Кистафин.

Сонымен қатар, Елші Қазақстан мен Пәкістан арасындағы дінаралық және өркениетаралық диалог бағытындағы қарым-қатынастың перспективалық бағыттарына тоқталды.

«Қазақстан мен Пәкістан дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 29 жыл ішінде әлемдік проблемаларға бірлескен іргелі көзқарас қалыптастыруы конфессияаралық диалогты одан әрі тиімді дамытудағы достық ниеттің айқын көрінісі», -деді Е. Кистафин.

Н.Назарбаев орталығының басқарма төрағасы Болат Сәрсенбаев осы жылдың 5-6 қазан күндері Нұр-сұлтан қаласында өтетін съездің XIX хатшылығына және ҚР Парламенті Сенатының спикері – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының басшысы М.Әшімбаевтың төрағалығымен өтетін жұмыс тобына дайындық жұмыстарын ұйымдастыру туралы, съездің стратегиялық міндеттері туралы ақпаратпен бөлісті.

«Бүгінде орталық қызметінің басым бағыттарының бірі - XIX съез хатшылығы қарсаңында конфессияаралық даму мәселелері бойынша сараптамалық пікір және тәжірибе алмасуға, съез идеяларын ілгерілетуге бағытталған бірқатар халықаралық дөңгелек үстелдер өткізу болып саналады. Осындай іс-шараны ұйымдастыру әлем жұртшылығының, ғылыми-зерттеу орталықтарының, халықаралық және республикалық БАҚ-тың назарын маңызды мәселелерге аударуға мүмкіндік беретініне бек сенімдімін», - деді Б.Сәрсенбаев.

Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің негізгі идеяларын, мақсаттары мен міндеттерін насихаттауға арналған халықаралық дөңгелек үстелдер сериясы Швейцария, Чехия, Сауд Арабиясы, Армения, Венгрия, Германия, Иран, Канада, Қырғызстан, Малайзия, Түркияда жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар