Назарбаев қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға ретінде тарихта қалады - Әшімбаев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға ретінде тарихта мәңгі қалады. Бұл туралы бүгін Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының бүгінгі отырысы ел тарихындағы аса маңызды кезеңде өтіп отыр. Өздеріңізге белгілі, 19 наурыз күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халыққа үндеуін жариялап, өзінің президенттік өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеді. Мұндай шешімнің бір сәтте қабылданбағаны баршамызға түсінікті. Ол үшін Нұрсұлтан Әбішұлының ұзақ ойланып, барлық мәселелерді әбден саралап, салмақтағаны анық. Елбасымыз қашанда ел мен халықтың мүддесін бірінші кезекке қойып, әрдайым дұрыс шешімдер қабылдайтыны белгілі», - деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол Қазақстан халқы үшін Елбасының есімі қашанда мемлекеттілік, егемендік және Тәуелсіздік сияқты аса маңызды құндылықтармен бір қатарда тұрандығын баса айтты.

«Қазірдің өзінде еліміздің Тұңғыш Президентінің есімі тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы, барлық реформалардың авторы, әлемдік деңгейдегі саясаткер тарихымызға алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз. Елбасы Қазақстанды Кеңес одағының артта қалған республикаларының бірінен заманауи, дамыған, бүкіл әлем білетін алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдырды. Елбасымыздың экономикалық және саяси реформалары мен ауқымды жаңғыру бағдарламасы еліміздің жан-жақты дамуын қамтамасыз етті», - деді ол.

Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары халықтың әл-ауқатының еселеп өсуі де Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегінің басты жетістіктерінің бірі екендігін атап өтті. Тұңғыш Президентіміз үнемі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жастар мен көп балалы отбасыларды қолдауға, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға көңіл бөліп, басты назарда ұстап келдігіне назар аудартты.

«Қазіргі таңда бүкіл әлем біздің елімізді бітімгершілік бастамалары арқылы да өте жақсы таниды. Қазақстанның астанасы ең өзекті жаһандық мәселелерді талқылап, оң шешім шығаратын халықаралық орталыққа да айналды. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан тарихында тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған, қазақтың мемлекеттілігін қайта жандандырған ұлы тұлға ретінде мәңгі қалады. Сол себепті, қазіргідей тарихи кезеңде қазақстандық қоғам бірлікті ту етіп, Елбасының стратегиялық саясатының аясында әрі қарай бірігуі тиіс деп есептейміз. Сондай-ақ қоғамымыз Тұңғыш Президентіміз анықтап берген жолмен жүріп, өзінің біртұтастығын және жетілгенін көрсетуі қажет», - деді М.Әшімбаев.

Соңғы жаңалықтар