Назарбаев Қазақстанның БҰҰ ҚК-ге мүшелігі кезінде баса назар аударылатын мәселелерді атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүшелігі кезінде азық-түлік қауіпсіздігі, су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне назар аударады. Бұл туралы бүгін «Гои» бейбітшілік қоры атынан «ядролық қарусыздану және таратпау ісіне қосқан зор үлесі үшін» 2016 жылғы әлем мәдениеті арнайы сыйлығымен марапаттау рәсімінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпараттың арнаулы тілшісі Токиодан.

«Хиросимаға тасталған 2500-ге жуық атом бомбасына тең 500-ге жуық жарылыс біздің ядролық қатерге деген қарым-қатынасымызды түбегейлі өзгертті. Сондықтан, біз қуаты жағынан төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тарту арқылы ядролық полигонды жапқан бірінші ел болдық және Орталық Азияда ядросыз аймақ құрдық», - деді Назарбаев.

Осы ретте Мемлекет басшысы көпұлтты, көпконфессиялы қазақ елінің осынау бірегей тәжірибесі БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясында жаңа әлемнің бейбітшілік құндылықтарын қалыптастыруға септігін тигізгенін баса айтты.

«Келесі жылы Қазақстан өзінің тарихында алғаш рет 2017-2018 жылдар кезеңінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі сынды жауапты миссиясына кіріседі. Бұл әлемдік қоғамдастық тарапынан бізге көрсетілген өте үлкен сенім кредиті. Жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесінен бөлек, біз Жапониямен және басқа да серіктестерімізбен азық-түлік қауіпсіздігі, су және энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне назар аудартуға ниеттіміз», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар