Назарбаев - қазақ пен қырғызға ортақ тұлға

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ елінің Көшбасшысы, түркі дүниесінің ақылгөй тұлғасы әлемдік саясаттан өз орнын тапқан Нұрсұлтан Назарбаев туралы кім де болса жаңа сөз, жаңа ой тауып айта қоюы өте қиын. Ол жөнінде қазақ, қырғыз авторлары ғана емес, Батыстың саяси зерттеушілері де кітаптарын тамсана жазып жатыр. «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған мақаласында профессор, тарих ғылымдарының докторы Сүлейман Қайыпов осылай пікір білдірді.

Нұрсұлтан Әбішұлының әлем саясатындағы ғарыштық биіктіктен иеленген орны жөнінде жұртқа көптен бері жеткілікті дәрежеде айтылып келеді. Дегенмен саясат көсемінің бергі, ең алғаш түркі ұлттарын қалыптастырған ел діліндегі, көңіліндегі, керек болса, қоғамдағы орны жөнінде ілкімді пікір­лер оншалықты айтыла бермей­тін сияқты.
Мәселен, әлдеқа­шан айтылуға тиісті болса да, қарапайым қырғыз адамының пікіріндегі Нұрсұлтан Назарбаев­­тың «образын ашуға» бағыт­тал­ған этносоциологиялық зерт­теулерді әл-әзір ұшырата қойған жоқпыз. Мен осынау шынайы ықы­ла­сыммен жазған мақаламда Елба­сының қырғызстан­дық­тардың көңіліндегі, елес­тетуін­дегі, пікі­ріндегі орны, оның этно­ло­гиялық, этноменталдық негіздері туралы аз да болса сөз етейін деп шештім.

Басын бас­тасақ, бұл бағытта үлкен зерт­теу­лер, шынайы ғылыми еңбек­тер тудыратын мамандар да шы­ғып қалар. Десек те Нұрсұлтан Назарбаев несімен елдің ой-санасына орнаған осындай символикалық образ, идеал болып қалды? Не себептен қырғыздар оны өзіміздікі деп, ол жөнінде фольклорлық сюжеттер ойлап табуда? Гәп, міне, осында. Бұл сұрақтарға жауап беру үшін арнайы анкеталар толтырып, мысалы, идеалды жетекшінің ел жасаған образы деген тұрғыда зерттеу жүргізуге де болар еді. Ондай зерттеулер алдағы уақытта жүзеге асырыла жатар, ал мен әзірге өз пайымдарымды оқырмандармен бөлісе отыруды жөн көрдім.

Этнологтің көзімен Қырғызда «Жақсыны жат көрме» («Жакшыны жатым дебе») деген мақал бар. Бұл ма­қал әншейін айтыла салған қатар­дағы кеп емес, тәмсілдің этно­мәдени тамыры өте терең, айты­луының этноменталдық негіз­дері бар. Тегі-түбіне қарамай, кімнің де болса адамдық артықшылығын, талантын, еңбегін, кісілігін бағалай білу, бағалап қана қоймай, оны ӨЗІМ деп санайтын сана-сезім биіктігіне жету үшін қаншама ғасырлық тарихи жолды жүріп өту керек; адам болудың маңызын, оның қасиетін түсініп білу тәжірибесін игеру керек. Демек, тегі, ұлты, жеріне қарамай, адам атаулы­ның жақсысы қырғызға өзіндей жақын болып келген деп білеміз.

Қырғыздың осы мақалының мәнісін қазақ оқымыстылары «жақсы адамның бір қасиеті - адам баласын жатсынбауы; кім болса да, бір көргеннен-ақ баурап алып, ішіне тартып, көне досындай бірден тіл табысып, шүйіркелесіп, араласып кету қасиеті бар» деп түсін­діріп берген (Ә.Қайдар). «Жақ­сыда жаттық жоқ» деген қазақ мақалы мән-маңызы жағы­нан бір медальдың екі бетіндей бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі байытып тұрады. Яғни, қазақ пен қырғыз жақсы адамды ешқашан жат санамай, сонау дәуірлерден бері жанына жақын тартып келген. Қырғыз бен қазақтың этно­мәде­ниетінің шегінен шығып, кеңірек қарайтын болсақ, осындай пікірді басқа да түркі елдерінің тілінен, мәдени мұраларынан, этнофилософиялық көзқарас­тарынан қалағанымызша таба аламыз.

Түркі елдерінде жақсы, ақылман, әзиз адамды өз ішіне икемдеп тартып, ешқашан жат көрмегеніне куә болатын мирас көп. Бұл жағынан адамзатқа үлгі боларлық көзқарас, ой-пікір, тарихи және көркем образ моделдерін түркі елдері мәрт­тікпен жасап келіскен екен; барлық дәуірлерге ортақ, бар­лық елдерге бірдей тарихи тұл­ға­лар, олардың ел аузымен қа­лып­тасқан образдары жүре келе нағыз тәрбие бұлағына айналмады ма? Олай болмаса, түркі елдерінің мәдениетінде этногеографиялық шекарамен бөлінбеген Қорқыт ата, Жирен­ше шешен, Асан Қайғы, Қо­жана­сыр, т.б. тұлғаларымыз қай­дан шықпақ. Бұларды ешкім бөле-жара менікі деп меншіктене алмайды; бұлар - барлық түркі ұлт­тарын ұлт қылып, рухын биік­тетіп, мәңгүрттіктен сақтап тұр­ған ұлы рухани күштер, түр­кі елдері ғана емес, жалпы адам­заттық мәдени қазынаның қақ төрінен орын алған атамұра. Бұдан да кеңірек алар болсақ, түркі елдері өз рулары ғана емес, басқа ұлттар мен ұлыстардан шыққан ғұламаларды да жат санаған емес.

Орта ғасырларға көз салсақ, түркі елдерінің ой-санасында имам Әбу-Ханафи, имам Бұхарилер жат елден деп есептелмепті, түркілер оларды өз тегімізден деп таныпты. Ежелгі Атилла, кейінгі Шыңғыс хан, Темірлерді айтпай-ақ қояйық! Қазақтың қайсыбір рулары біз Шыңғыстан тарағанбыз деп мақтанса, қырғыздың тарихшы-жазушылары Шыңғыс біз­ден болған деп роман, зерттеу­лер жазып жатыр, бірақ оны моң­­ғолдардан таласып, тартып алайық деген ниет ешкімде жоқ. Түркияның тарихи кітаптарынан Шыңғыс ханды аталарымыздың бірі деп мақтанышпен жаз­ған­дарын көресің. Ахмет Ясауиді қазақ өз қатарында танып жатса, қырғыздар оны Өзгендегі Ясы өзенінің бойында туған Кожак­маттың дәл өзі деп, ата тұтып, ардақтап жатады. Түр­кия­да болса Құл Қожа Ахмет Ясауи түрік әдебиетінің клас­сигі бо­лып есептеледі. Бұлар­дың бәрі қазіргі түркі ұлттары­ның арасында таласып-тарты­судың, сенікі-менікі деп бөлі­судің себепкері бола алмайды, керісінше олардың кеше бір тілді, бір мәдениетті, бір дүние­танымды, бір тарихты ортақ жаратып, оларға бірдей иелік жасап отырғандығының дәлелі болып саналады.

Осылайша қырғыз бен қазақ сияқ­ты қазіргі түркі елдері­нің бо­йында сақталып қалуын қам­та­масыз еткен философия­лық ой-түйіннің бірі, бәлкім біре­гейі, ең мәндісі осы жақсы­ны жа­тыр­қамау, жақсыны өзіне тарту, жақсыны асқақтату, жақ­сы­ның қадіріне жетуге ұмты­лу әлеуеті екені сөзсіз. Бүгін­де жақ­сы мен жаманды айыра білу қиынға түскен заманда бұл керемет қасиетті түркі елдері, оның ішінде қырғыз, қазақ еш жоғалтқан жоқ. Сөзім құрғақ болмас үшін, осы арада өз өмірімнен бір мы­сал келтіре кетейін. Менің қат­ты құрметтейтін ағайым, тілші Абдықадыр Орысбаев екі ұлы­ның біреуіне Ататүрік деп ат қойды. Мен түсінбей: «Не үшін Ата­түрік деп қойдыңыз?» десем, «А что, он же наш...» деп күліп қана қойған. Сөйтсем «Он» дегені - Ататүрік, «наш» дегені - бүкіл түркі елдерінікі екен ғой. Мен балалық қылып, «наш» дегеніне қарағанда Ататүрік деген сөздің қырғызбен бір бай­­ланысы бар шығар, білмей қалып ұятты болып жүрмейін деп, басқа сұрақ бермей, үнсіз қал­ғанмын. Сөйтсем ағайдың «наш» деген Ататүрігі Шуда, Талас­та иә болмаса Ошта туған бір қаймана қырғыз емес, кә­дім­гі сонау Селаникте ту­ған, Түрік Республикасының негі­зін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрік екен.

Білмеген, түсін­беген кісіге Ататүрік қайда, қыр­ғыз ұланы Абдықадыр Орыс­баев қайда? Ендеше бұл есімнің қойылуы да түркі елдерінің жақ­сыны өзім деп есептеген салт-түсінігінің қырғыз тұрмы­сын­дағы бір көрінісі емес пе. Оның бұлай екенін кейінірек, тісқаққан шағымда толық түсіндім. Бүгінгі таңда қырғыз тек­ті Айтматовты, қазақ текті Назарбаевты барлық түркілер өз ұлтынан шыққан адам ретінде қастерлеп жатса, оның негізінде, міне, осы жақсыны жақын тарту философиясы жатыр. Бекерден бекер қырғыздар Н.Назарбаев­ты ол бізден деп жар салмай­ды, ұлды болса, бекерден бекер атын Нұрсұлтан деп, құлағына азан шақырмайды. Қырғыз бен қазақ екі өлке, екі ұлт болса да, Нұрсұлтан деген символдық есім­нің алдында ұлттық рухтары бір бүтін болып, бірігіп кетеді. Бұл сөзімді кейінірек тағы да жалғастырамын... Негізі қырғыз, қазақ, өзбек, татар, башқұрт этностық ономас­тика мамандары Ескендір, Мұс­тапа, Кемел, Ататүрік, Марат, Клара, Жанна, Искак, Мұх­тар, Шың­ғыс, Нұрсұлтан, т.б. есім­дер­дің балаларға қойылу тарихын, тарау географиясын, аталу мәнерлерін этнолингвистика­лық бағытта зерттесе, тіл ғылымы ғана емес, этносоциология, этно­пси­хология, этнокультурология, т.б. ғылым салалары үшін де пайдалы біраз жаңалықтар ашары сөзсіз еді. Ерен тұлғаларды дәуір жаратады... Түркі ғұламалығы Қорқыт ата, Ясауи, Ататүріктермен тоқтап қалған жоқ, қилы заман, дүрмек дәуірлерден өтіп, қазақ пен қырғызды мысал етсек, Әуезов пен Айтматов, Раззаков пен Назарбаев дүниеге келді. Негізі әр дәуірдің өз Қорқыт атасы, Алпамысы, Манасы болады екен...

Қазіргінің Қорқыт атасы, Алпамысы, Манасы мәдениет саласында Шыңғыс Айтматов болса, ұлттық және халықаралық саясатта Нұрсұлтан Назарбаев болып тұрғаны анық емес пе! Екеуі екі басқа кәсіптің, екі басқа саланың адамдары болғанымен, мүдделері бір - ұлттың тұғырын нығайту, адамзатты ынты­­мақ­қа шақыру, адамгершілік­ті ұлықтау. Бәрімізге мәлім, Қырғыз­стан­­да парламенттік сайлау болса, үкілі партиялардың өкіл­дері Нұре­кеңе қол беріп, батасын алып кетуге ұмтылады. Ал енді президенттік сайлау болса, өтуге үміті бар талапкер Нұре­кеңе бір кездесіп кетуді туыс­қандық, кішілік, ол ғана емес, саясаткерлік міндетім деп есеп­тейді. Мұның өзі біздің мента­ли­тетімізге, этностық әдебіміз бен мәдениетімізге артық-кемі жоқ тұп-тура келеді. Қандай іс болса да, Нұрекең­нен ақыл сұрап келгенді ешбір қырғыз ешқашан өрескел көр­меген, қайта сыртынан үндемесе де, ішінен жақтырары, ол былай тұрсын, мақтан тұтары талассыз. Бұл оқиғаны саясаттандыр­май, керек болса жай ғана інісі үл­­кен ағасына, түркітектес елдердің ақылгөй Көшбасшысына ақылын естіп келді, пікірін біліп келді деп түсіну керек.

ХХ ғасырдың басы мен ортасы әлемдік саясатқа Ататүрік, Мао, Чер­чильдерді берді, ХХІ ғасыр­­дың басы Назарбаев сынды тұлғаларды берді. Аздап романтикалық сарында айтатын болсам, Азияның, онымен іргелес материктердің сая­си аспанын көптен бері, тыным­сыз, өзінің жұмсақ қамқор­­лы­ғы­­мен жылытып келе жатқан бір кө­гілдір НҰР бар. Мұның Нұрсұлтан Назарбаев екенін де сезіп тұрғаныңызға күмәнім жоқ. Азиядан сәуле шашқан жа­рық­тар, оларды өзінің жылуымен жарастырып, бір тарапқа бағыт­тап тұрған көгілдір НҰР - бәрі бір мақсатты көздесе, әлемдегі түсін­беушіліктің бәрі тоқталар еді! Назарбаевтың этностық эгоизмге жеңдірмей, ырыс пен ынтымақта өмір сүру, тыныш­тық орнату, жер, су, ауа және аспанымызды антропогендік апаттардан қорғап қалу, адам­дардың адамша өмір сүру мәселелерін ғаламдық масштабта шешу жөніндегі бастамалары іске асса, планетамыздың үстіндегі үйіріліп тұрған сұр бұлттың көбесі сөгілер еді. Ел діліндегі Нұреке... Кейінгі кездері «ауызекі тарих» деген, этносоциологияға жақын тұрған ғылым тармағының арыны қатты жүріп жатыр. Міне, осы ғылым бағытының ыңғайына салып, қырғыз қоғамының ес-ақылында, елестетуінде Нұрекең туралы нелер бар, бір сәт зер салып көрейік. Менің елден естіп, жинаған ауызекі мәліметтеріме сүйенсек, Нұрекеңнің қырғыз елінің ой-санасында өзгеше образының сомдалғаны талас тудырмайды. Мысалы, бірде жұмыс бабымен Созақ ауданының Чаңгет деген ауданына барып қалдым. Көп әңгіме естідім, ауыл адам­дары­ның қара тырнағынан шашы­ның ұштарына дейін саясаттанып кеткенінің куәсі болдым. Қандай өкінішті! Ақыры түркі елдерінің арасындағы ыдырап бара жатқан туысқандық байланыс, түркі өлкелері және олардың келешегі, басшылары туралы да қызықты пікірлер - ел көзімен қарағанда ғана көрінетін ғажайып нәрселер айтылып жатты.

Ең соңында сөз «әзір осы Назарбаевтан мықтысы жоқ» деген ұйғарымға тоқталды. Сонда бір ақсақал: «Назарбаев өзі бізден, керкі тамғалы болады. Онымен жақын туысқан, араласып жүрген кісілер бар деп естігенмін» демесі бар ма. Оның сөзін ауыл өкіметінің басшысы Қадырбек аке де қоштағандай сыңай көрсетті. Мен мәселенің аужайын түсініп тұрдым - баяғы жақсыны жат көрмеген қарт қырғыздың мінәйі менталитеті! Ол жерде көп адам осыған сенеді, осы сеніммен ғұмыр кешіп, Назарбаев бізден шыққан деп мақтанып, ұлды, немерелі болса, атын Нұрсұлтан деп қояды екен. Бұның өзі елге жаққан жақсының есімін мыңдаған адамдар алып жүреді, оның өміршең естеліктері түзіліп жатыр деген сөз. Оның образы ел аңсаған идеалға айналды деген сөз. Тағы бір осындай оқиғаға Кеминде де кез болдым. Мен сөйлескен кеминдіктердің көбі жоғарыдағы чаңгеттіктердей Назарбаевты кеминдік деп есептейді екен. Бірінен бірі естіген мәліметтерді алға тартып, айтылған байламды шынайы ниеттерімен дәлелдеп жатысты. Бұл жерде де мәселе біреу, демек Назарбаев олардың да өз адамы, жақыны, туысқаны, жерлесі - идеалы екен. Бұл екі оқиғаның шыққан тамыры да бір демекпіз - жақсының жат деп есептелмейтіні, қазақ пен қырғыздың кіндігі бір егіз ел деп саналатыны. Жақында Бішкекте бір шежі­реші қырғыз жігіт Нұрекеңнің руы қаңды болады деп, маған қалың мәліметтерімен «дәлел­деп» берді. Мен де сабырмен тыңдап, оның айтқандарына сенгендей түр көрсеттім, оның сенімін сыйладым. Сөйткенім дұрыс болыпты. Себебі оның айтып жатқандары ол үшін - сенім, мен үшін - этнология­лық мәлімет. Ол жігіт те - Нұрекең­ді өзім деп есептеген, жақсы­ны бауыр санаған қырғыздың бір өкілі. Бұдан кейін Нұрекең­ді жұм­ғалдықтар саяқ десе, ыс­тық­­көлдіктер бұғы десе, еш таңғалмаймын. Әрбір қырғыз ауылынан Нұрсұлтан атын иеленіп жүрген, есімі «Нұрсұлтан Назарбаев сияқты адам болсын, көшбас­шы болсын» деген ниетпен қойылған, сезімінің түкпірінде ғұмырының идеалы Нұрекең болып қалған қырғыз бала­лары ондап шығады. Қырғыз­стан­да мыңдаған жігіттің аты - Нұрсұлтан. Демек осыншама шаңырақтың және оның мүшелерінің идеалы Нұрсұлтан Назарбаев - қазіргінің Қорқыт атасы деген сөз. Менің өз қарындасым Со­на­йым да ұлының атын Нұр­сұл­тан деп қойған екен. «Нұр­сұлтан Назарбаевтай болсын деген тілекпен қойдық» деп ме­рей­ленді. Не дер екен деп сынап: «Жиенімнің есімі қазақ­­­ша болып кетіпті ғой...» дедім. Туыс­қан­дарымыздың біреуі бір қап­талдан: «Қазақ бол­­са мей­лі де... Нұрсұлтан Назарбаев бір ғана қазақтікі емес, бәрі­міз­дікі. Қазақша екен дейсіз, аке. Ұлы­ңызды Ержан деп атады­ңыз, қазақша ат қою жағы­нан сіз алдасыз» деп отыр­ған­дар­ды күлкіге қарық қылды. Мен сөз­ге жығылдым. Негізі қыр­ғыз­да Ержан деген ат өте сирек кез­де­седі, ұшыраспайды десе де болады.

Ұлым туғанда: «Ай­на­ла­йын Ержаным, Қырғыз бенен қазақ­қа, Жігіт болып бер, жаным!..» деп, құлағына азан айтып, қазақ атын қойған жайым бар еді... Нұрекең сонау Кеңес Одағы қирай бастаған уақыттағы сөй­леген сөздерімен, істеген істері­мен, Еуразия одағын құрудың қажет­тілігі жөніндегі идея­лары, қорғаныс, экология мәселе­лерін бірге шешу туралы ұсы­ныс­тарымен, прогрессивті ойлары­мен елдің ой-санасына шынайы лидер ретінде орнығып қалған екен. Сондықтан да болар, Қырғызстанның басына күн туғанда өлкенің проблемаларын Нұрекеңнің беделін пайдалану арқылы шешкісі келген қырғыздар да болмай қойған жоқ. Асқар Ақаев қанша қаласа да, «Коррупция доползла до седьмого этажа Белого дома» деп айқай салса да, коррупция­ны ауыздықтай алмай, үйі­шілік басқарудың салдарынан мәңгіріп, қате үстіне қате жібе­ріп жатқанда бір қырғыз: «Назарбаевқа барып айтсақ қай­теді...» деп үміттенсе, енді бір қыр­ғыз: «Назарбаев та көріп тұрып, біліп тұрып «қой-әй» деп қой­са болар еді...» деп ренжіген сәт­тер де болған. Бұл сенім, бұл ре­ніш, шындап келгенде, қайран қырғыздың Назарбаевты өзім деп біл­ген­дігінің, оған өз тағдырын аманат қылуға даяр екендігінің саясат­сыз, нағыз елдік белгілері емес пе! Туысқандық сезім өшпейді... Жоғарыда айтылғандай, түркі елдері жақсы адамдардың бар­лығын туғаны және досы санайды. Танымаған адамына да сәлем беріп, керек кезде оған: бауыр, туысқан, қардеш, гардаш, бурадар, аға, әке, үка, таға, нағашы, әже, қарындас, сіңлім, т.б. туыс­қаншылық сезімді білдіретін сөздермен қайырылады. Мұндай дәстүр әлемдегі көп елдерге жат және оларға түсініксіз. Әрбір үлкен-кіші адамнан бауырлық көре білген түркі адамы болып ғұмыр кешу қандай мәртебе!

Туысқаншылыққа келгенде қырғыз бен қазақтың жөн-жо­сығы тіпті бөлек. Мұны Нұре­кеңнің өзі де Қазақстанда тұрып та, Қырғызстанға жасаған са­пар­­лары барысында да сан мәр­те қайталаған. Бұдан бір­неше жыл бұрын Нұрекеңнің: «Мен қырғыздарды өзіме сонша­лық­ты жақын көремін. Менен кейін Қазақстанның басына қыр­ғыздарды мендей жақсы білген, менше түсінген кісі келе ме, келмей ме... Туысқандығымызды нығайтайық, жасауға тиіс істер болса, қазір жасайық...» деген мағынадағы сөздері әр қыр­ғыздың есінде. Нұрекең бұл сөздерді саясаткер ретінде емес, шынайы қазақ ретінде, бауыр ретінде, шын ниетімен, ділімен айтқан. Жарығын ғана емес, жылуын қоса шашады дегеннің өзі, білгенге, міне, осы емес пе! Қырғыздың тұрған жерден: Тилиңдей болгон тилим бар, Дилиңдей болгон дилим бар, Карангүн башка түшсө эгер, Кайрылып келип кол берер Казактан башка кимим бар? Карап койсом кардым ток, Көрүп койсом көөнүм ток, Карангүн башка түшсө эгер, Кайрылып келип кол берер Казактан башка тууган жок, - деп «ырдап» қоя беретіні де осыдан болса керек. Әлемде не боларын, планетамыз қай күні қандай мінез көрсетерін ешкім болжап біле алмайды. Не болса да өзгермейтін, өзгерсе де өшіп жоқ болмайтын бір нәрсе бар, ол - қырғыз бен қазақтың бір туғандығы, жақындығы, бірлігі. Нұрекең сияқты тұлға­мыз тұрғанда бұл жақын­дық бекемделеді, тереңдейді және бас­қа қандастарымызға да жұғыс­­ты болады.

Нұреке - қырғыз үшін әр­дайым қадірлі тұлға, өз кісі­сі, арқа-тірек, ақылгөй. Түркі дү­ниесін алар болсақ, ол - бәрі­мізді бірлікке шақыр­ған, еш көнермес ақылын еш­кім­­нен тартынбай айтып тұр­ған, жүрген-тұрғаны, кес­кін-келбеті, күңіренген қо­бы­­зымен ақылдылықтың сим­волына ай­нал­ған Қорқыт ата, өзге елдер­дің басшылары­нан ерек­шеленіп тұра­тын, түркі бірлігі жөніндегі ойын ашық айт­қан, туысқан елдерді ынтымаққа шақыр­ған, көзі тірісінде аңызға айналған шынайы көшбасшы!

Сүлейман ҚАЙЫПОВ, профессор, тарих ғылымдарының докторы, филология ғылымдарының кандидаты, Қырғыз Республикасы Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік сыйлығының, Сократ атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Еуропа Ректорлар клубының мүшесі

Соңғы жаңалықтар