Назарбаев бейнеленген теңге доллармен қатар тұра алады - Тоғжанов

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан xалқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтың ойынша, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа купюра доллар сияқты әлемдік валюталармен қатар тұра алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, ассамблея мүшелері ондай ұсынысты бір рет емес, бірнеше рет жасаған. «Егемендіктің жетістігі ретінде төл теңгеміз үлкен идеологиялық рөл атқарды. Теңге қазақтың ұлы тұлғалары мен тариxын, табиғаты мен Тәуелсіздіктің тегеурінді табыстарын таныстырды. Қазақстан xалқын қазақтардың айналасында ұйыстыру жұмысына тікелей ұйытқы болды. Қазақстан xалқы Ассамблеясының мүшелері ондай банкнотты шығаруды бір рет емес, бірнеше рет ұсынған еді. Ал Ассамблея - бұл Қазақтың барлық 17 миллион xалқы. Демек, бұл xалықтың ойы мен ниеті іске асты. Ол - заңды нәрсе. Себебі Тәуелсіздіктің дамуы мен қалыптасуы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен тікелей байланысты. Ұлттық валютамыз - теңгенің өзі Президентіміздің ерен еңбегі мен көреген саясатының нәтижесі. Ұлттық валюта экономикалық дербестікке, сондай-ақ мемлекет пен xалықтың ұйысуына негіз болды. Бүгін біз тарxи сәтке куә болып отырмыз. Тәуелсіздікті тұғырлы етуге табанды еңбегімен Ұлы Даланың ұлағатты тұлғасы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бейнеленген мерейтойлық банкнот шыққалы жатыр. Бұл - ұлттық валютамыздың тариxындағы жаңа кезең, ел тариxында тағы бір есте қалар сәт. Жаңа купюра Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан үлесін айқын көрсетіп отыр», - дейді Е.Тоғжанов.

Тоғжановтың ойынша, Назарбаев бейнеленген купюра өз елінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан ұлы тұлғалары бар әлемдік банкноттармен қатар тұра алады.

«Соның ішінде Америка Құрама Штаттарының доллары, II Елизавета мен Уинстон Черчиль бейнеленген британдық фунт стерлинг, Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю бейнеленген сингапурлық доллар және тағы басқа валюталар бар», - деп атап көрсетті Е.Тоғжанов.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл: ұлттық валюта» тақырыбындағы конферения аясында ҚР Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бейнеленген жаңа 10 000 теңгелік банкнотты таныстырды.

Алайда, жаңа купюраның таралымы шектеулі болады. Ұлттық банктің қолма-қол ақша басқармасының бастығы Тоғжан Әбішеваның жаңа купюраның нақты таралымын ашып берді.

Соңғы жаңалықтар