Найджел Доус Қазақстан құрамасында ойнаудан бас тартты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 25 сәуірде Астанадағы «Барыс-Аренада» А тобына кіретін ерлер командалары арасындағы I дивизион бойынша Әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан құрамасы аталған бәсекеге дайындық шараларын бастады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық құраманың бас бапкері Андрей Скабелканың айтуынша, команданың кеңейтілген тізімінде Талғат Жайлауов та бар. Ол қазіргі кезде жаттығуға кірісіп кетті. Енді, команда басшылығы оның дайындығын байқайды. Хоккейші өзін жақсы көрсете білсе, негізгі құрамға енетін болады. Ал Қазақстан азаматтығын алған канадалық Найджел Доус чемпионатқа қатысудан бас тартты.

«Біз Найджел Доусқа да ұсыныс жасағанбыз. Бірақ ол бас тартты. Кевин Даллмэн жайында ештеңе айта алмаймыз. Ол үйіне кетіп қалған. Әзірше, xабар жоқ. Роман Старченко да чемпионатқа қатыса алмайды. Себебі қатты жарақат алды. Енді, алты айдай емделеді. Сондықтан ол тек қыркүйекке қарай командаға қосылады», - деді А.Скабелка Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Роман Савченко да Қазақстанның құрамасында өнер көрсете алмайды. Себебі өз еркімен Ресей Федерациясының азаматтығын алды.

«Барыс» клубының президенті Борис Иванищев те Найджел Доустың чемпионаттан қатысудан бас тартқанына қатысты пікір білдірді.

«Ол жарақаттарын емдеп, Құрлықтық xоккей лигасының келесі кезеңіне дайындалмақшы. Бізге келе алмаймын деп жазды», - деді Б.Иванищев.

Айта кетейік, 35 жастағы Найджел Доус жеті жыл бойы «Барыс» xоккей клубының құрамында өнер көрсетті. Осы уақыттың ішінде ол бірнеше рет Құрлықтық xоккей лигасының үздік снайперлері қатарынан көрінді.

Ал 2016 жылы Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құраманың намысын қорғай бастады. Өткен жылы Н.Доус Ресейдің «Автомобилист» командасына ауысып кетті. Бірақ Қазақстан азаматты ретінде Әлем чемпионаттарында ұлттық құраманың атынан өнер көрсете алады.

Соңғы жаңалықтар