«Навохо қазаққа қалай туыс болады?» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АСТАНА. Қарашаның 12-сі. / ҚазАқпарат/  - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 12-сі,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.  

«Қазақ еліне Тюрк келді». Осы тақырыппен «Айқын» газетінің бейсенбілік санында жарық көрген мақалада елімізге екі күндік ресми сапармен келген Словения Президенті Данило Тюрктің жоғары деңгейдегі ресми кездесулері мен келіссөздері жайында жазылған. Мақалада «Біздің мемлекеттеріміз ауқымы, тарихы, географиялық орналасуы жөнінен әртүрлі. Алайда біздің екі еліміздің де болашаққа ұмтылысы, Еуропа бағытындағы ұмтылыстары ортақ. Бұған қоса, біз ЕҚЫҰ аумағындағы ең ірі мемлекеттер болып саналамыз», деген Словения Президентінің сөзі келтірілген. Ал өз кезегінде ҚР Президенті Н.Назарбаев «Халықаралық қатынастар саласында, соның ішінде БҰҰ-ның, ЕҚЫҰ-ның рөліне, басқа да халықаралық уағдаластықтарға қатысты, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселесінде, қауіпсіздік саласында біздің пікірлеріміз бен ұстанымдарымыз бір арнада тоғысады. Екі ел ынтымақтастығын ары қарай дамытуға ешқандай кедергі жоқ!», деген.

 

Словения президенті Данило Тюрктің еліміздегі ресми сапары жайында «Астана ақшамы» басылымынан да кеңінен танысуға болады.

 

«Айқынның»  «Көзқарас» айдарында Израиль мемлекеті Премьер-Министрінің орынбасары, Сыртқы істер министрі Авигдор Либерманмен арадағы сұхбат жарияланған. Ол сұхбат барысында Иранның ядролық бағдарламасына деген көзқарасын білдіріпті. «Иранның ядролық бағдарламасын дер кезінде тоқтатуға тиіспіз. Егер олар қаруды  әскери мақсатқа емес, бейбіт мақсатқа қолданамыз десе, оны неге қолдамасқа. Олай болатын болса әлемдік сарапшылар алдында бүкіл арсеналдардың есігін ашып, оны бейбіт мақсатқа қолданатынын дәлелдесін. Егер олар атомды бейбіт мақсатқа қолданса, сонымен бір мезгілде  қашықтық радиустағы баллистикалық ракеталар қажеттілігін немен түсіндірмек?», дейді ол. Екеуара әңгіме «Біз араб әлемімен саяси диалог жүргізуге дайынбыз» деген тақырыппен берілген.

 

«Еуразия кеңістігінің ежелгі тарихына тереңдеген сайын небір тың деректер шыға береді. Тарихи деректерді зерттеп жүрген ғалымдардың мәліметтеріне қарасақ, жер шарын мекендейтін халықтардың жартысы Азиядан тараған.  Мәселен, Солтүстік Американың жергілікті үндістері бұрынғы Орталық Азияның тұрғындары екен. Шетелдік ғылыми әдебиеттерде қысқартылып «америндтер» деп аталатын Американың аборигендері - үндістер, эскимостар, алуеуттер Орталық Азиядан Америка құрлығына тас ғасырында өтіп кеткен» деп жазады «Айқын» басылымы. Аталған жайт қызықтырса, осы басылымның бейсенбілік нөміріндегі «Навохо қазаққа қалай туыс болады?» деген мақаланы оқыңыз.

***

«Нұр Астана» басылымының бейсенбілік санында Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының әкімі Серік Зайнулдинмен арадағы сұхбат «Мұзтаудың етегінде өркен жайған» деген тақырыппен жарияланған. Екеуара әңгіме барысында аудан басшысы газет тілшісінің марал шаруашылығы, «Жол картасының» жүзеге асырылуы, туризмнің дамуы, ауыз су, денсаулық сақтау сияқты өзекті мәселелерге қатысты сауалдарына толымды жауап берген.

 

«Қазіргі уақытта ұлттық көшбасшы феномені жайлы әңгіме қоғам мінберінен жиі айтыла бастады. Астанада өткен Қазақстан-Ресей сарапшыларының «Ұлттық көшбасшы феномені: тарихи және заманауи көзқарас» деп аталған форумында көтерілген басты тақырып та осы», деп жазады «Нұр Астана» газеті. «Ұлттық көшбасшы - ұлт рухын түлетуші» тақырыбымен берілген мақалада «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың «Бүгінгі таңда Назарбаев дүниежүзіне белгілі саясаткер, ел көшбасшысы, ел дамуының түбегейлі бағытын белгілеуші тұлға ғана емес. Ең бастысы, ол басшылыққа алған ұстанымдар қазақстандық қоғамның басты құндылығына айналды. Бұл дегеніміз - тұрақты даму, этникаараналық және конфессияаралық келісім және бірлік», деген сөзі келтірілген.

***

Аз ғана уақыт ішінде Есіл ауданының территориялық-географиялық құрылымы кеңейіп, халқының саны күрт өсуде. Қалаға қоныс аударушылардың басым көпшілігі жаңа ауданда тұруды армандайды десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде сол жағалау Астананың тек әкімшілік орталығы ғана емес, мәдени-туристік жағынан дамыған, ең әдемі бөлігі болып отыр. Есіл ауданының тыныс-тішілігі, әлеуметтік жағдайы, экономикалық қарқыны аудан халқын қызықтыратыны анық. Осыған орай «Астана ақшамы» басылымы аталған ауданның әкімі Қайрат Жаңабергеновпен телефон арқылы тікелей байланыс ұйымдастырған. Аудан тұрғындарының сауалдарына әкімнің берген жауаптары басылымның бүгінгі санында жарияланған. Сұрақ-жауап «Әуелгі міндетіміз - әлеуметтік мәселелерді шешу» деген тақырыппен берілген.

 

Сонымен қатар «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында қала әкімі И.Тасмағамбетов елорда тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарға тұшымды жауап берген.

 

Осы басылымда омбылық суретші Амангелді Шәкеновтің елордадағы Президенттік мәдениет орталығында «Дала әуендері» атты көрмесінің ашылғандығы жазылған. Мақала барысында «Біздің ауылда кілең қазақ отбасылары тұратын. Менің сурет әлеміндегі алғашқы қаламым кәдімгі қазақы өмір мен қазақы тіршілікті кенепке түсіруден бастау алды. Сондықтан, Ресей жерінде туып,  осы елде танылсам да өзімнің қазақ екенімді, ата-бабаларыма мекен болған Қазақстан деген қасиетті жер бар екенін есімнен бір сәтте шығарған емеспін», деген А.Шәкеновтің сөзі келтірілген.

***

«Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтының кітапханасына француз кәсіпкерінің есімі берілгелі жатыр. Оливье Жискар д'Эстен деген кім болды деп ойларсыз? Ол - Францияның 20-шы президентінің туған інісі. Даңқты ағасының арқасында француз бизнесінде әрдайым асығы алшысынан тұрған ол өз елінде қоғамдық қызметтерді де белсенді атқарып келеді екен. Бір мойындауға тұрарлығы - 18 жыл бұрын ол Алматыға келіп, аталған оқу орнына қомақты грант беріпті. Батысқа бүйрегі бұрып тұратын жалпақшешей оқу орны басшыларының оған осыншама құрмет жасауы содан болар. Бірақ құрметтің де түр-түрі болады. Қайырымдылық жасады екен деп, өзге елдің шолақ белсенділерінің есімін ұлттық құндылығымыз болып табылатын кітапханаларымызға таратып бере бермекпіз бе? Әсіресе, мұндай құрметтің Алаш зиялыларына әлі жасалмай келетіні ашындырады», деп жазады «Алаш айнасы» газеті. Мақала «Естеннің» есімі кітапханаға беріле ме?» деген тақырыппен басылымның бейсенбілік санында жарық көрген. 

 

Танымал қаржыгер, «БТА банктің» Басқарма төрағасы Әнуар Сайденовтің «Алаш айнасына» берген сұхбатын «Дат» айдарынан оқи аласыздар. Басылымның жазуынша, банкир 2010 жылдан бастап, өзі басқаратын қаржы ұйымының табысты қызметке көшетінін жария етіпті.

«Алаш айнасы» газетінің жазуынша, еліміздің құқық қорғау құрылымдарының арасынан жік шығыпты. Ішкі істер қаржы полициясына, қаржы полициясы ұлттық қауіпсіздік қызметіне қырғиқабақ таныта бастаған. «Жуырда тағы бір кезекті дау туындады. Алматыда Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары Айдын Жантелеевті ҰҚК мамандары есірткімен ұстады. Бірақ Қаржы полициясының басшылары чекистердің әрекетіне күмән келтіріп отыр» деп жазады басылым. Бұл мәселе төңірегінде егжей-тегжейлі білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын оқыңыз.

Словения Президенті  Данило Тюрктің Қазақстандағы екі күндік ресми сапары «Казахстанская правда» газетінің де назарынан тыс қалмаған. Басылымның жазуынша, Елбасы Н.Назарбаев жоғары дәрежедегі келіссөздердің, сонымен қатар Астанада өткен қазақстандық-словениялық бизнес форумның  қорытындысында қол қойылған құжаттар екіжақты іскерлік байланысты жүзеге асыруға  жаңа серпін беретіндігіне сенім білдірген. Ал Словения Президенті  өз сөзінде «Біз Словенияда Қазақстанға таң қаламыз және қазіргі қарым-қатынастың деңгейін бағалаймыз, өйткені Сіздің еліңіз осы жылдардың ішінде экономикадағы динамикалық дамуын, сонымен қатар өңірдегі саяси көшбасшы сапасын көрсетіп отыр», депті.

 

Данило Тюрктің Қазақстандағы екі күндік ресми сапары туралы «Экспресс К», «Литер» басылымдарынан да толық мағлұмат алуға болады.

 

«Мұнай бағасы көтеріліп жатқан уақытта газ секторында кері тенденция байқалады. Осыған орай, таяу болашақта дәстүрлі бағадағы байланыс қолданыстан шығып қалады», деп жазады «Экспресс К» газеті. Халықаралық энергетикалық агенттік сарапшыларының пікірінше, таяу болашақта газ бағасының құлдырауын күтуге болады. Агенттіктің осыдан біраз күн бұрын ғана жарияланған жылдық баяндамасында АҚШ-та жаңа кен орындарының игерілуіне орай және төмен бағалы «көгілдір отын» ұсынысының шұғыл артуына байланысты болашақта жаңа баға қатынасы түзіліп,  газ бағасының мұнайға тәуелділігі үзілуі мүмкін делінген. 

Соңғы жаңалықтар