Наурызға орай Қазақстанның танымал әншілері Моңғолияда өнер көрсетеді

None
None
  БАЯН-ӨЛГЕЙ. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы қарсаңында Қазақстан Республикасының бірқатар танымал әншілері Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында және қазақтар көп шоғырланған Баян-Өлгей, Қобда аймақтарында концерттік кештерін өткізбек, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, әнші  Мәдина Сәдуақасова,  әнші Ұшқын Жамалбектер наурыздың 14 -16 аралығында  Қобда, Баян-Өлгей аймақтары және  Ұланбатыр қаласының ең үлкен концерт залы «UB palace» - та жанды дауыста «Арман елім-ай» ән кешін көрермендерге тарту етпек. 

Концертті 2017 жылы әнші Төреғали Төреәлінің «Ұлы дала баласы» кешінің Моңғолияда өтуіне мұрындық болған тәжірибелі топ «Баяр  интертайнмент» компаниясы ұйымдастырады.  Ал барша танымал әншілер Мақсат Базарбаев, Сержанәлі Әлібектердің «Ел көшкенде» атты ән кеші наурыздың 20 -  сы күні Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында, 21-і күні Баян-Өлгейде, наурыздың 22-сі күні  Қобдада өнерсүйер қауымға ұсынылмақшы. 

 Мақсат пен Сержанәлінің Ұланбатырда өтетін концертіне Моңғолияның рок-поп жұлдыздарының белгілі өкілдері «Хурд» тобы,  «Алло» әнін моңғол тілінде шырқап жүрген әншілер Моңғолия мәдениет қайраткерлері Л.Сөрөлт, А.Түмэн-Өлзий және Т.Амина қатысады деп жоспарланған. Оған Ұланбатырдағы Баян-Өлгей аймағының жерлестер алқасы мен Қазақ жастар даму орталығы демеушілік көрсетеді.  

 Ал Нұрболат Абдулиннің концерті айдың 11-і күні Баян-Өлгейде, 12-сі күні Ұланбатыр қаласында қойылады. Осылайша алыстағы қазақтың мауқын басып, рухын серпілтіп, қазақ әнімен сусындату үшін келетін өнер жұлдыздарын шалғайдағы қазақтар асыға күтуде.

Қуат Уатхан

Соңғы жаңалықтар