Наурызға қатысты таным-түсініктер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Лексикология бөлімінің меңгерушісі Айгүл Әмірбекованың Наурыз мейрамына қатысты таным-түсініктер жайлы топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Жолдас - қардың көбесін сөгетін алтын күрек жел

Наурыз айының басында күн жылып, қыс бойы жатқан жолдас қардың көбесін сөгетін алтын күрек жел еседі. Қар кеткен жерлерде көк шыға бастайды. Қар астынан қылтиып бәйшешек шығады.

Наурызек, наурыз торғай.

Жыл құстарының ішінде көктемнің хабаршысы болып алдымен келетін сарбауыр көкала торғайды түстік жақтарда наурызек, наурыз торғай деп атайды.

Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз.

Наурыз айының әсіресе алғашқы онкүндігі халық тілінде «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз», «ая мейіз алты күн, қырналса қатты күн» деп сипаттайды. Қар күрт еріп, жер лайсаң тартып жатқанмен, артынша-ақ алай-түлей қар борап аласапыран болып кетеді.

Отамалы – наурыз айының алғашқы жартысында өтетін 5-7 күнге жалғасатын боранды суық болатын амал атауы. Бұл амалды халықтық метеорологияда отамалы деп атайды. «Қара жерге келсем, қар әкелемін, қарға келсем, қар әкетемін» деген отамалының серті бар дейді есепшілер.

Күн мен түн теңеледі

Наурызда күн мен түн теңеледі, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үркер және Сұлу Сары бір түзудің бойында тізіле орналасады. Күн өткен сайын Күн белдеуі (күннің жүретін жолы) жоғарылай түседі. Есепшілер жұлдыздардың теңесуінен күн мен түннің теңелуін байқаған. Жаңа күннің жарығы мен жылуы қытымыр қысты ығыстырып, жер бетін жылылық жайлап көк қаулайды.

Жаңару, түлеу, көктеу

Наурыз айындағы «елжіреген» күннің көзі халықтың көңілін көтеріп, бір серпілтеді. Қыбырлаған жанның бәрі тіршілікке кіріседі. Жаңаша өмір басталады. Наурызда жаңару, тірілу, түлеу, көктеу үдерісі жүреді, халықтың көңілі көтеріліп, жарқырайды, күлімдей бастайды.

Сарышұнақ інінен шығатын күн

Есепшілер наурыздың келгенін күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқайды. Қазақтың Батыс өлкесінде наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығады, күн суық болса, ін аузынан ұзамайды, күн жылы болса, ұзағырақтау жерге шығады.

Мәриям шөп

Тасбақа болса, күн мен түн теңелгенде інінен аузына шөп тістеп шығады. Шөптің аты мәриям шөп деп аталады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады деген сенім бар.

Ал егіншілер дән себетін егістік жерін баптап, тоған, арық-атыздарын тазалайды, атыздағы көтермелерін топырақ үйіп жаңартады. Саятшылар құс салмайды, аңшылар аңға шықпайды.

Көрмесең – жат, көріспесең – ұят

Халық жаңа киімдерін киіп, көрші-қолаң, ағайын-туысты жаңа жылмен құттықтайды. «Ұлыстың күні құтты болсын» деп, бір-біріне түзу тілек, ақ ниетін білдіреді. «Жасыңа жас қосылды, жасың құтты болсын» деген тілек айтады. «Көрмесең – жат, көріспесең – ұят» деп, ағайын-туыс бір-бірімен амандасып, көрісіп жатады. Құлға да бір күн бостандық деп, құл құрықтан, күң сырықтан құтылады. Ер-азаматтар қос қолдасып амандасып, төс қағыстырса, әйелдер жағы құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтады, арнайы даярланған дастарқаннан дәм ауыз тиюге, бірін-бірі жеті дәмнен әзірленген наурызкөже ішуге шақырады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, руларды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарқаннан дәм таттырып, табыстырған. Адамдар бір-біріне деген ренішін кешеді, өкпе-қалдықтарынан тазарады жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау тіккен.

Ұйқыашар

Наурыз таңын қарсы алмаққа жиналған қыздар жағы уыз дәмді ұйқыашар тағамын дайындайды. Ұйқыашар дайындап, өздеріне құрмет көрсеткен жас жігіттер сақина, сырға, білезік сияқты әшекей бұйымдарды сыйға таратады. Ол жігіттің «жаман» ойын сезген сезімтал қыздар, әрине, «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селтеткізер» деп аталады.

Ұзынсары

Ұлыс күні әйелдердің Ұзынсарыға деп сақтаған қысқы соғымның шекесі асылады, бүйендегі, қарындағы майдан дәм татылады. Ұзынсары наурыз айындағы ұзарған күннен туған. Қазір ұзақ сақталған соғым еті деген екінші мағынаға ие болып келеді. Бұл күні әр жерге үлкен от жағылып, отқа май құйылады.

Көпкөже, тілеукөже

Келіндер жағы Наурыз көжені осылай эвфемизммен атаған. Наурызкөженің сүр ет салып пісірілуі - қыс тағамымен қоштасуы, құрамына ақтық қосылуы жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышудың мәнісін білдіреді.

Наурызтөл – наурыз мейрамы қарсаңында туған, ерекше қастерленетін төл атауы. Ол көбінесе қозыға қатысты айтылады. Көшпелі ортада ертеде ерте көктемде алғашқы туған ұрғашы қозылардың арасынан түсі келіскен, енесі өсімтал деп саналатын біреуі көгенбасы деп таңдалған. Қазақы ортада наурызтөлді ерекше күтіп қастерлейді, бөгдеге сатуға, тарту етуге жол берілмейді. Мұндай малды көбінесе өз қызық, тойына, құрбан айты күндерінде сойып, ырым етеді.

Қыдыр түні

Ұлыстың ұлы күнгі Қыдыр түні қара қазанның түбі бос болмасын деп, май тамызып, үйдегі ыдыстарға ағарған (сүт, айран, уыз т.б.) құйып қояды. Қайсыбір ыдысқа бидай, арпа, сұлы толтырып, бақырға бұлақ суын толтырады. Бұл жоралғы жыл бойы молшылық болсын деген тілеуді аңғартады. Қыдыр түні Жұп шырақ жағады.

Наурыздама.

Әдетте, ел ішіндегі аса бай, дәулетті адамдардың наурызды той қылып өткізуін наурыздама дейді. Наурыздама тойы бір аптаға созылып, сегізінші күні тойға келгендер тарай бастайды. Наурыздама тойында кешірім сұрау өткізілген. Мұның өзі жүректі таза ұстау, кір шалдырмаудың халық танымындағы көрінісі.

Наурыз батасы. Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Бәле-жала жерге енсін!

Күніміз ұлысты болсын!

Жеріміз ырысты болсын!

* * *

Дәулетті бас берсін,

Бақытты ас берсін,

Ұлыстың ұлы күнінде,

Ұлың оңға қонсын,

Қызың қырға қонсын.

Қыруар малың өріске толсын,

Дәулетіңді асырсын,

Дұшпаның басылсын,


Соңғы жаңалықтар