Наурызды барша отандасымыз бір атаның баласындай атап өтіп келеді - БҚО әкімі

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір халқын Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен құттықтады.

«Міне, алты ай қыстың ақ қар, көк мұзын ерітіп, жердің тоңын жібітіп, күн мен түнді теңестіріп, Наурыз мейрамы да келіп жетті. Табиғат-ана қысқы бұйығы тіршілігінен арылып, әлемді көктің нұрына, күннің шуағына қарық қып, жердің жүзін жайнатар Ұлыстың Ұлы күні құтты болсын, әлеумет!

Табиғат тұтастай түлеп, төңірек түгел жаңарып жатқан кезде адамзат қоғамы да мейірім мен ынтымаққа құштар. Сол себепті де Наурыз - бүгіндері барша қазақстандықтардың түрі мен тіліне, діні мен діліне қарамай бірлігін бекемдер, берекесін еселер ортақ мейрамына айналды. Осындай құндылықтар рухани темірқазығына айналған әр отандасымыз тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне лайықты үлес қосуды өзінің ең басты мұрат-мақсаты санайды.

Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылдың 15 наурыздағы Жарлығы халықты ата-бабамыздың байырғы мерекесімен қайта қауыштырды. Міне, содан бері жаңарып-жаңғырудың жарқын көрінісі болғандықтан, Наурызды ежелгі қазақ жерін мекендеген барша отандасымыз бір атаның баласындай татулықпен атап өтіп келеді. Осылайша әз-Наурыз ел халқының ынтымағын нығайтып, ырысын молайтуға қалтқысыз қызмет етуде.

Құрметті облыс тұрғындары! Сіздерді ел-жұртты алдағы жаймашуақ жазға жетелеп, жасампаз еңбекке жұмылдырар Наурыз мерекесімен шын жүрек, шынайы көңілден құттықтаймын. Баршаңызға амандық-саулық, мәнді жұмыс, сәнді тұрмыс және отбасыңызға құт-береке, бақ-дәулет тілеймін!», - делінген онда.

Соңғы жаңалықтар