Наурыздан наурызға дейін: Жылдың басты оқиғаларынан суреттер сыр шертеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ықылым заманнан Наурызды жыл басы санаған қазақ халқы өткен күнге өкпе айтпай, жаңа күнге үміт артады. Иә, өткен жылға өкпе жоқ. Жаһан жұртшылығын әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясының таралуына байланысты қиындықтарға тап болсақ та еңсемізді түсірген емеспіз. Қиындықтан сабақ алдық, қатаң карантин іс-шараларынан шыңдалдық, еңсемізді тіктедік. Сондықтан қазақтың жыл санауына сәйкес 1 жылдың ішіндегі, яғни наурыздан наурызға дейінгі аралықта елімізде орын алған барлық саладағы басты жаңалықтарды сурет тілімен оқырман назарына ұсынып, оны игі дәстүрге айналдыруды жөн көрдік.

2020 жыл

НАУРЫЗ

9 наурыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты органдардың жетекшілерімен кеңес өткізді.

Онда әлемдегі қаржылық-экономикалық ахуал және оның Қазақстан экономикасына әсері жөнінде мәселелер талқыланды. Президент Үкіметке, Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырма берді. Басты тапсырма – мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындау.

15 наурыз. ҚР Президенті Қазақстан Республикасында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Құжатта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының барлық аумағында 2020 жылғы 16 наурыздағы 08 сағат 00 минут пен 2020 жылғы 15 сәуірдегі 07 сағат 00 минут кезеңінде төтенше жағдай енгізілетіндігі айтылған.

Төтенше жағдай режимі 30 тәулікке созылып, Президент жанынан Мемлекеттік комиссия құрылды. Оны Премьер-министр басқарды.

23 наурыз. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты табысынан айырылғандарға 42 мың теңгеден беру туралы шешім қабылданды. Оны Ақордада Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жария етті.

25 наурыз. Ұлттық биотехнология орталығының қызметкерлері Мемлекет басшысына ДНҚ жасанды синтез жолымен әзірленген және жұқпалы коронавирус ауруының жаңа түрін жылдам анықтауға мүмкіндік беретін полимеразды тізбекті реакция (ПЦР) негізіндегі тест жүйесін таныстырды. Аталған тест жүйесі шетелдік диагностикалық құрал-жабдықтармен салыстыру кезінде өзінің жоғары сезімталдығын көрсеткен.

28 наурыз. Қазақстанда алғаш рет әйел басшы облыс әкімі болып тағайындалды. Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықова Қызылорда облысының әкімі лауазымында қызметіне кірісті.

СӘУІР.

29 сәуір. Қазақстан Республикасында коронавирус пандемиясына байланысты төтенше жағдай ұзартылды. ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, елдің барлық аумағындағы төтенше жағдайдың қолданысы 2020 жылғы 11 мамырдағы 00 сағат 00 минутқа дейін жалғасты.

29 сәуір. Қазақстаннан гуманитарлық көмек ретінде жіберілген 800 тонна ұн Қырғыз Республикасына жеткізілді. Пандемияға қарсы кезеңде көрші елдерге қолдау көрсету мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстанға жалпы сомасы 3 млн АҚШ долларынан астам қаражатқа әр елге 5 мың тонна көлемінде ұн түрінде гуманитарлық көмек беру туралы шешім қабылданған.

МАМЫР.

1 мамыр. Сардоба су қоймасы бөгетін су шайып кетуіне байланысты Өзбекстанның Сырдария облысындағы елдімекенді су басты. Соның салдарынан Қазақстандағы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында шекара маңындағы бірнеше коллектор суға толып қалған. Мақтааралдағы орталық коллектордан су сыртқа жайылып, Жеңіс, Жаңатұрмыс ауылдарын су алып кетті. Облыстық маңызы бар «Мырзакент - Жеңіс - Жаңа тұрмыс» автомобиль жолын су басып, көлік жүре алмады. Төрт ауылдан 5400 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сондай-ақ Түркістан облысында су тасқыны қаупі төнген 3 ауылдың халқы эвакуацияланды.

8 мамыр. Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында бой көтеретін Құнанбай музейінің құрылысы басталды.

11 мамыр. Бүкіл ел аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталды.


17 мамыр. Үкімет пен демеушілердің қолдауымен Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің құрылысы басталды. Кешенде Жошының ұрпақтарына, Ұлық Ұлыс, Алтынорда, Қазақ хандығына арналған экспозициялық зал және шағын асхана мен қонақ үй салу жоспарланған. Сонымен қатар, Алаша хан, Жошы хан мазарларына реставрация жұмыстары басталып, апаратын арнайы жол құрылысы жүргізіледі.

27 мамыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысына қатысты. Отырыста ҚР Президенті білім сапасын көтеру, студенттердің шәкіртақысын арттыру, оларды жатақханамен қамту денсаулық сақтау сапасын жақсарту сынды мәселелерге ерекше назар аударды.

МАУСЫМ


29 маусым. Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізді. Кеңесте Мемлекет басшысы ахуалға баға беріп, азаматтардың денсаулығын сақтаудың сапасын арттыруға бағытталған шараларды жариялады. Сондай-ақ, отырыста экономиканы қолдау және халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де қаралды.

30 маусым. Мәдени-ағарту бағытындағы «Абай» телеарнасының тұсауы кесілді.

ШІЛДЕ

6 шілде. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 80 жасқа толды. Елбасын мерейтойымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімов және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов құттықтады.

10 шілде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда ҚР Президенті орын алған кемшіліктерді атап көрсетіп, Үкімет алдына бірқатар нақты тапсырма жүктеді.


13 шілде. Мемлекет басшысының Өкімімен 13 шілде жалпыұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Осыған байланысты түнгі сағат 00:00-ден бастап еліміздегі барлық Мемлекеттік Ту төмен түсірілді.

Ал Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де республика бойынша коронавирус пандемиясының құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алу жарияланды.

Ақорда резиденциясының алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінен қаза тапқан азаматтарды құрметпен бір минут еске алды.

17 шілде. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қайтыс болған дәрігерлердің жақын-туыстарына мемлекеттік наградаларды табыстады

ТАМЫЗ

8 тамыз. Қазақстандық әскери дәрігерлер зардап шеккендерге көмек көрсету үшін Ливанға аттанды. Топ құрамына жоғары білікті хирургтер, травматологтар, нейрохирургтер, анестезиолог-реаниматологтар, сондай-ақ хирургиялық бейіндегі орта медициналық персоналдар бар. Олардың көпшілігі ағылшын тілін жетік меңгерген. Әскери медицина қызметкерлерінің мақсаты - зардап шеккендерге білікті медициналық көмек көрсету

10 тамыз. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы. Осыған орай ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған бір топ мемлекет және қоғам қайраткері елордадағы Абай ескерткішіне салтанатты жағдайда гүл шоқтарын қойды.

Ал Egemen Qazaqstan газетінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы жаияланды.

13 тамыз. «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толды. Агенттік ұжымын мерейтойымен Қазақстан Президенті құттықтады. «Шынайы жаңалықты жұртшылыққа жедел жеткізетін «ҚазАқпарат» халықаралық аренада да ел имиджін қалыптастыруға да атсалысып келеді. Қазақстанның басты ақпарат агенттігінде қызмет етіп жүрген журналистер қашанда жоғары марапатқа лайық деп санаймын. Ұжым қызметкерлері мен агенттіктің ардагерлеріне зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін. Жағымды жаңалық көп болсын!», - делінген Президент құттықтауында.

22 тамыз. Қазанда өткен кәсіпқой бокс кешінде қазақстандық Фируза Шәріпова IBA нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта Әлем чемпионы атанды. Ол танзаниялық Хэппи Даудиді техникалық нокаутпен жеңді. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Фируза Шәріпованы IBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өткен бәсекедегі жеңісімен құттықтады.

29 тамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семей ядролық полигонының жабылған күніне байланысты Үндеу жариялады. Ал Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бастаған делегация Семей полигонының жабылу күніне орай Шығыс Қазақстан облысында болып, Семей қаласындағы ядролық сынақтың құрбандарына арналған Монументке гүл шоқтарын қойды.

ҚЫРКҮЙЕК

1 қыркүйек. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын жария етті. Жолдауда жаңа экономикалық бағыттың 7 қағидаты аталды.

23 қыркүйек. Түркияның Анталия қаласында Абай атындағы саябақ ашылды. Абайдың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында Қазақстан Түркиядағы Елшілігі, Анталиядағы Консулдығы, Қазақстан және Еуразия халықтарының достық пен мәдениет қауымдастығының бастамасымен Анталия қаласында орналасқан саябаққа Абай Құнанбайұлы есімі берілген болатын.

26 қыркүйек. Орал қаласында Қазақстан халық жазушысы, КСРО және Қазақстан
Мемлекеттік сыйлығының лаураты Жұбан Молдағалиевтің ескерткіші ашылды.

ҚАЗАН

2 қазан. «Үздік педагог-2020» байқауына 143 мұғалім қатысып, олардың ішінде 64 педагог жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың бір тобын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов марапаттап, 2 778 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақымен мен төсбелгілерді табыстады.

16 қазан. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Семейге жұмыс сапары аясында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіштің ашылуына қатысты. «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» тарихи-мәдени қорық-мұражайын аралап көрді.

21 қазан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеу жариялады.

22 қазан. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысты. Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Ұлттық кеңестің билік пен қоғам арасында сындарлы диалог орната алатын тиімді институционалды құрылымға айналғанын және оның мүшелері еліміз үшін маңызды шешімдер әзірлеп, солардың жүзеге асуына күш салып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар Президент 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында 2021 жылды Тәуелсіздіктің 30 жылдығы деп жариялау туралы шешімімді айттым. Бұл өткен жолымызды зерделеуге жақсы мүмкіндік. Мерейтой саяси-экономикалық реформалар, цифрландыру, балалар мен мүгедектердің құқығын қорғау, экология мәселесін шешу аясында өтеді», деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.

23 қазан. Түркістан қаласында қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдығы мен ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай еңселі ескерткіштер орнатылды. Салтанатты рәсімге ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қатысты.


ҚАРАША

10 қараша. Саяси партиялар 2021 жылдың 10 қаңтарына тағайындалған Мәжіліс пен мәслихат депутаттығынан өз кандидаттарын ұсынуды бастады.

25 қараша. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайы өтті.

Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Nur Otan партиясы бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысы партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жариялап, аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін негізгі төрт басымдыққа назар аударылатынын айтты.

ЖЕЛТОҚСАН

2 желтоқсан. Елордадағы Жекпе-жек сарайына даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіров есімі берілді.

3 желтоқсан. ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Мемлекеттік комиссия құрамына ҚР Президент Әкімшілігі мен Үкіметінің өкілдері, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүдделі мемлекеттік ұйымдардың басшылары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен еліміздің ғалымдары бар. Барлығы Комиссия құрамына 49 адам кіреді.

5 желтоқсан. Вьетнамның Ханой қаласында вьетнам тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» кітабы таныстырылды. Кітаптың вьетнамдық басылымында алғысөз ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және Қазақстан ХХІ ғасырда» атты мақаласы жазылған. Соның арқасында вьетнамдық оқырман Абай тұлғасы мен оның мұрасының қазіргі қоғам үшін маңызы туралы құнды ойлар жинақтай алады.

14 желтоқсан. Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар тапсырды.

19 желтоқсан. IBF/IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (40-1-1,35 КО) қарсыласы Камил Шереметаны (21-0, 5 КО) техникалық нокаутпен жеңді.

21 желтоқсан. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қарағанды фармацевтикалық кешеніне барып, «Спутник V» вакцинасын өндіруді бастап берді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің арасындағы уағдаластықтарды іске асыру аясында кешен базасында кезең-кезеңімен 2 млн доза вакцина өндіріледі.

22 желтоқсан. БҰҰ Женева бөлімшесінде қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына және Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдығына арналған бюстің салтанатты ашылуы өтті.

2021 жыл

ҚАҢТАР

5 қаңтар. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақала жариялады.

10 қаңтар. Елімізде Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті.

14 қаңтар. ҚР Орталық сайлау комиссиясы 7-ші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын тіркеді. Жаңа сайланған Мәжіліс депутаттарына куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылды. Мәжіліске «Nur Otan» партиясы 76, «Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы 12, Қазақстанның халық партиясы 10 мандат иеленді. Сонымен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан 9 депутат сайланды.

15 қаңтар. 7-ші шақырылымдағы ҚР Парламентінің бірінші сессиясы өтті. Парламент жұмысын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 7 саяси бастама көтерді.

18 қаңтар. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы туралы Президент жарлығы шықты

АҚПАН

1 ақпан. . Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.

Вакцина ерікті түрде салынады. Алғашқыда Ресейде шығарылған «Спутник V» вакцинасы пайдаланылса одан кейін 15 ақпаннан бастап, вакциналау процесіне Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндірілген Гам-КОВИД-Вак вакцинасы қосылды. Ал 2021 жылдың 2 тоқсанынан бастап вакциналау процесіне отандық – QazCovid-In препаратын қосу жоспарланып отыр. Бұл вакцина қазіргі уақытта клиникалық сынақтың 3-кезеңінен өтуде.

4 ақпан. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып, АҚШ және өзге де халықаралық серіктестердің қолдауымен қазақстандық бір топ азаматты Сириядан елге қайтару операциясын өткізді. Топ құрамында 4 ер адам, 1 әйел және 7 бала (2-еуі – жетім) болды.

5 ақпан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеуге дайындық жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы ел тарихындағы елеулі мереке кезінде құр даңғаза мен ысырапшылдыққа жол беруге болмайтынын, әрбір шараны елге пайдасы тиетін нақты істерге ұластыру қажет екенін баса айтты. Экономика, әлеуметтік сала, білім, ғылым және басқа да бағыттар бойынша тың жобалар қолға алынатынына тоқталды.

25 ақпан. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің V отырысына қатысты. Онда Қазақстан Президенті қоғамда үлкен резонанс тудырған жер мәселесіне қатысты нүкте қойып, атқарылатын нақты іс-шаралар мен бастамаларға қатысты ойын жеткізді.

25 ақпан. Қазақстанда біржолғы зейнетақы жинағын емделуге пайдалану үшін өтінім қабылдау басталды.

26 ақпан. Қазақстанда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын ресми түрде мерекелеу басталды. Жамбыл қазақ әдебиетіндегі туған халқының мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі жыр алыбына айналды. Өлеңдері дүние жүзінің қырықтан астам елдерінің тілдеріне аударылды. Ақын шығармашылығы туралы Р. Тагор, М. Шолохов сынды қайраткерлер жоғары бағалаған.

НАУРЫЗ

2 наурыз. Қырғыз Республикасының жаңадан сайланған Президенті Садыр Жапаров Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар қарсаңында Қырғыз Президенті «ҚазАқпарат» ХАА эксклюзив сұхбат берді.

13 наурыз. Нұр-Сұлтаннан ұшып шыққан әскери ұшақ Алматы қаласы әуежайының маңында апатқа ұшырады.

Соның салдарынан 4 адам қаза тауып, 2 адам ауруханаға түсті. Осы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен туған-туыстарына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты. Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырды.

14 наурыз. Қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтің SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды. Әлемге танымал болған павлодарлық диджей таяуда Rita Ora және David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазды. Американың The New York Times газеті отандасымыз жайлы мақала да жариялады.


Соңғы жаңалықтар