Наурыздан наурызға дейін: Жылдың басты оқиғаларына фотошолу

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Табиғатпен үндесіп тіршілік еткен, уақыт өлшемін айлар мен амалдың ауысуымен есептейтін, көктемдегі күн мен түннің теңесуін жылдың басы деп білген көшпелі өркениет мұрагері саналатын Қазақ елі үшін тағы бір жыл артта қалды. ҚазАқпарат жылдағы дәстүр бойынша наурыздан наурызға дейін болған маңызды оқиғалардың шолуын ұсынады.

21 наурыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының «Астана» алаңындағы мерекелік іс-шараға қатысып, барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады.

Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматыға арнайы келіп отырмын. Алматы - Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталды. Алматы - қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы. Зиялы қауымның, өнер, білім, ғылым, бизнес саласының өкілдері осында шоғырланған», - деді Президент.

6 сәуір

Қазақ шахматшысы Бибісара Асаубаева Гиннестің рекордтар кітабына енді. 17 жасында ең жас әлем чемпионы атанған Бибісараға аталған ұйым арнайы сертификатын жолдады.

9 сәуір

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) Жапонияның Сайтама қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаң иесі Риота Муратаны (16-2, 13 КО) 9 раундта нокаутқа жіберді.

22 сәуір

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ата заңымыздың 6-бабын мынадай редакцияда беруді ұсынды: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Мемлекет халық атынан меншік иелігін жүргізуге құқылы».

3 мамыр

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алматы облысының Қапшағай қаласы Қонаев қаласы деп қайта аталды.


4 мамыр

Президент Жарлығымен елімізде Абай, Жетісу Ұлытау облыстары құрылды.

11 мамыр

Елорда тұрғыны Сәбит Шонтақбаев көппәтерлі үйдің 8 қабатында балконда салбырап тұрған бүлдіршінді құтқарды. Осы ерлігі үшін оған елордадан 3 бөлмелі пәтер сыйға берілді. Баланы құтқаруға қатысқан Сағи Жылқышиевке де 2 бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді.

31 мамыр

Өткен ғасырдағы ашаршылық құрбандарына ескерткіш Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы Қарағанды этнопарк аумағында, «Әнет баба» мешітінің жанында орнатылды. Ол аштықты бейнелейтін жабық қазанның бейнесін құрып тұрған ер мен әйелдің жапсарлас фигуралары түрінде жасалған.


5 маусым

Республикалық референдум өтті. Референдум барысында ел тұрғындары Конституциямыздың 33 бабына 56 өзгеріс енгізу мәселесіне қатысты дауыс берді.

16 маусым

ҚР Президенті жанынан құрылған Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы араға ширек ғасыр салып облыс мәртебесін қайта алған Ұлытау өңірінде өтті.

3 шілде

Ұлттық домбыра күні аталып өтілді.

«Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр», - деп атап өтті мерекемен құттықтаған Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәл осы күні елордада «Қазақстан барысы» турнирі өтті. Турнирде қызылордалық Мақсат Исағабылов чемпион атанды.

9 шілде

Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанды.

15 шілде

12 жастағы Әлинұр Хамзин Славян базары-2022 Халықаралық балалар музыкалық байқауында лауреат атанып, екінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

24 шілде

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ислам әлемі үшін қасиетті мекен – Мекке қаласында ұмра немесе кіші қажылығын өтеді.

28 шілде

Танымал мәнерлеп сырғанаушы болған Денис Теннің сценарийімен түсірілген «Соқыр махаббат» фильмі кинотеатрларда көрсетіле бастады.

10 тамыз

2020 жылдың 5 тамызында Үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» дейтін мерекелік дата болып бекітілді. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде қазақтың ұлы ақынының туған күніне орай түрлі іс-шаралар өтеді.

12 тамыз

Елордада Орталық Азиядағы ең үлкен мешіт ашылды. Мешіт орналасқан жер учаскесінің алаңы – 10 гектар. Оның жалпы алаңы – 68 062 шаршы метр. Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің төрт мұнарасы бар. Оның биікті – 130 метр. Мешіттің жалпы сыйымдылығы 235 000 адамды құрайды, яғни бір мезетте осынша адам сапта тұрып намаз оқуға мүміндігі бар.

1 қыркүйек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жария етті. «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деп аталатын жаңа Жолдау «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» сынды бағдарлардан және тағы бір тың саяси реформаларды қамитын қорытынды бөлімнен тұрады.

14 қыркүйек

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті. Діни форумға Рим Папасы Франциск, Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысты.

Рим Папасы Франциск EXPO халықаралық көрме орталығының аумағында Месса рәсімін өткізді. Діни іс-шараға 7 мыңнан астам адам жиналды.

16 қыркүйек

Мемлекет басшысы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген құрамдағы отырысына қатысты. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Самарқанд декларациясы қабылдады.

Осы күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Оған сәйкес, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз жеті жылдық бір мерзімге шектеу, Нұр-Сұлтан қаласының атауы қайтадан Астана болып өзгерту енгізілді.


21 қыркүйек

Маңғыстаулық жеті дүркін әлем чемпионы Ильдар Ягьяев стритлифтинг және воркаут спорт түрінен жаңа әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Спортшы 40 фунт салмақтағы ауырлықпен екі қолмен 10 рет белтемірге тартылып рекорд орнатты

1 қазан

Көпбалалы отбасынан шыққан жасөспірімге «Қазақстан халқына» қорының бағдарламасы бойынша алғашқы экзоскелет берілді.

2 қазан

Түркияның Изник қаласында өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қазақстандық спортшылар көкпардан чемпион атанды. Қазақстан көкпаршылары финалда Қырғызстан құрамасынан 4:3 есебімен басым түсті. Жалпы, ел құрамасы топтық кезеңде Өзбекстанды 8:1, Моңғолияны 12:2 есебімен жеңген еді.

13 қазан

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің алтыншы саммиті өтті. Саммитке 11 мемлекет басшысы және 50-ге жуық елден делегация қатысты. Ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның төрағалық лауазымын алдағы 2 жылға созуға уәделесті. Саммитте АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру мәселесі, экологиялық өлшем, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік-транзит әлеуеті, адами ресурстарды қорғау және дамыту мәселелері қаралды.


25 қазан

10 жылдан астам уақытта созылған үзілістен кейін алғаш рет Республика күні кеңінен аталып өтілді. Атаулы күнге орай еліміздің барлық аумағында мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды.

20 қараша

Кезектен тыс президент сайлау өтті. Барлық өңірде 10 033 учаске жұмыс істеді. Дауыс беру қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа 6 млн 456 мың 392 сайлаушы немесе олардың 81,31 пайызы дауыс берді.

Дәл осы күні Қатар елінде футболдан әлем чемпионаты ресми түрде ашық деп жарияланды. Сол жолғы әлем чемпионатында соңғы мәрте 32 құрама сынға түсті. Аргентина құрамасы чемпион атанды.

29 қараша

Вилли-Реал-де-Санто-Антонио (Португалия) қаласында IWAS-2022 Дүниежүзілік ойындар аяқталды. Қазақстан атынан спорттың үш түрінен: паражеңіл атлетика, паражүзу және парапауэрлифтингтен 27 спортшы қатысты. Нәтижесінде параспортшыларымыз жарыста 14 алтын, 20 күміс және 20 қола медаль жеңіп алды.

1 желтоқсан

Түркиядағы қандастар көшінің 70 жылдық тарихына арналған «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Деректі фильмде Тибет, Үндістан мен Пәкістан арқылы өтіп, Түркиядан пана тапқан қандастар тағдыры, ұлт тарихындағы ең ұзақ саналатын қазақ көшінің тарихы баяндалады.

16 желтоқсан

Қазақстан Тәуелсіздігінің 31 жылдығы аталып өтілді.

23 желтоқсан

Алматыда қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалының ашылу рәсімі өтті. Президент стеллаға гүл шоғын қойған соң қаңтар оқиғасында қаза тапқан азаматтарды еске алу үшін бір минут үнсіздік жарияланды. Содан кейін Мемлекеттік гимн орындалды.

30 желтоқсан

18 жастағы қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Алматыда өткен блицтен әлем чемпионатында тағы жеңімпаз атанды.

2023

12 қаңтар

Мемлекет басшысына Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия материалдарының негізінде дайындалған көптомдық таныстырылды.

13 қаңтар

Қазақстандықтар Айя Нұпбай мен Асылжан Арыстанбекова Үндістан астанасы Делиде өткен екінші санаттағы J200 DELHI жарысының жеңімпазы атанды.

23 қаңтар

АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен 2023 жылғы қысқы Универсиадада қазақстандық спортшылар 11 жеңіп медаль алды. Қазақстандық спортшылар үш алтын, төрт күміс, төрт қола медальмен он бірінші орынға тұрақтады.

17 ақпан

Қазақстанның гуманитарлық жүк тиеген ұшағы Түркияның Газиантеп қаласына қонды.

19 ақпан

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің жедел тобы Түркиядағы іздестіру-құтқару жұмыстарын аяқтады. Қазақстан құтқарушылары 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш провинциясының аумағында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізді Нурдагы ауданында, Газиантеп және Хатай қалаларында азаматтарды үйінділерден шығаруға атсалысты. Нәтижесінде үйінділерден Түркияның 7 азаматы құтқарылып, қаза тапқандардың 88 мәйіті алынды. Сонымен қатар, 200-ге жуық тұрғынға медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.

3 наурыз

Мемлекет басшысы Шымкент қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді. Қазақстан мен Өзбекстан президенттері екі ел арасындағы одақтастық қатынастардың қазіргі жағдайын және оны нығайту перспективаларын өзара сенім, достық және тату көршілік рухында қарастырды.

16 жасар Алан Құрманғалиев Португалияның Вила-Реал қаласында үстел теннисінен WTT Youth Contender турнирінде жеңімпаз атанды.

5 наурыз

Қазақстандық Шавкат Рахмонов (16-0) Лас-Вегаста (АҚШ) өткен UFC 285 аралас жекпе-жек бәсекесінде жеңіске жетті. Ол американдық белгілі файтер Джефф Нилмен (15-4) шеберлік байқасты. Нәтижесінде үшінші раундта оны қылқындыру әдісімен ұтты.

16 наурыз

Қасым-Жомарт Тоқаев Анкараға жұмыс сапары барысында Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысты.

19 наурыз

Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау өтті.

20 наурыз

Сайлаудың алдын ала нәтижесі бойынша Парламент Мәжілісіне алты партия өтетіні белгілі болды, оның ішінде үш партия алғаш рет Мәжілісте бой көрсетеді. Олар – «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы және парламенттегі алғашқы оппозициялық партия Жалпыұлттық социал-демократиялық партия.


Соңғы жаңалықтар