Наурызда теңге бағамы өзгеруі мүмкін - Ақышев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевтың айтуынша, ақпан айында валюта бағамының күрт өзгеріп, теңгенің нығаюына бірнеше фактор әсер етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бір ай ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты айырбастау бағамы 3,5%-ға, ал жылдың басынан бері 6,2%-ға нығайды. Ақпанның соңында қалыптасқан бір АҚШ доллары үшін 312,76 теңге болған бағам 2015 жылғы желтоқсанның екінші жартысынан бергі ең жоғары көрсеткіш болып табылады.

«Теңгенің күшеюіне бірнеше себеп бар. Біріншіден, мұнайдың әлемдік бағасы әсер етті. Бір баррельдің бағасы 55 доллардан жоғары болып сақталды. Бәріміз жақсы білеміз, оған ОПЕК және басқа мұнай өндіруші елдердің жасалған уағдаластықтары, соның ішінде мұнай өндіру көлемін шектеу бойынша ортақ келісімдер де әсер етті», - деді Ақышев ақпанның алдын ала қорытындыларына және валюта нарығындағы жағдайға арналған бүгінгі брифингте.

Бұдан бөлек, Ұлттық банк басшысы ақпанның екінші жартысынан бастап валюта нарығындағы шетел валютасының сұранысы мен ұсынысына нендей факторлардың әсер еткенін түсіндіріп берді. Оның айтуынша, бұл «салықтық апта» деп аталатын маусымдық фактор.

«Ондайда экспортер кәсіпорындар валютаның біраз бөлігін сатып, сол ақшаға салық төледі. Осының нәтижесінде валютаға деген ұсыныстар күрт көбейді. Дәл осы жағдай да теңгенің нығаюына әсер етті. Ал «салық аптасының» аяғына қарай теңгенің бағамы реттеле бастады. Оны бәріңіз байқаған шығарсыздар. Наурыз айында біршама өзгерістер болуы әбден мүмкін. Алайда теңге бағасы күрт өзгермейді. Оны мұнайдың әлемдік бағалары ұстап тұратын болады. Сондықтан валюта бағамы қатты құбылады деп айту қиын», - деп атап көрсетті Ұлттық банк төрағасы.  

Соңғы жаңалықтар