Наурызда ШҚО тауларынан 500 мың текше метрден астам қар түсірілді

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында наурыз айының басынан бері жасанды жолмен 514 800 текше метр қар түсірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта өңірдегі таулы аймақтарда көшкін жүру қаупі әлі де бар.

«Қазселденқорғау» ШҚОФ қызметкерлері соңғы бір апта бойы күн сайын жасанды жолмен қар көшкінін жүргізуде. Тек 1 наурыздан бастап көшкін қаупі бар 34 учаскеде 514 800 текше метр қар түсірілген. Жалпы қыс басталғалы бері барлығы 74 профилактикалық көшкін жасалып, 541 980 текше метр қар түсті.

«Көктем шыққанда қар көшкіні қаупі өте жоғары болады. Әсіресе наурыз айында құбылмалы ауа райы мен қатты желдің салдарынан таулы аймақтарда көшкін жүруі ықтимал. Бүгінде облыстағы 336 учаскеде көшкін көлік жолдары мен елді мекендерге қауіп төндіріп тұр», - делінген хабарламада.

Осы ретте, ТЖД мамандары өңір тұрғындарына таулы жерлерге бармауға кеңес береді.


Соңғы жаңалықтар