Наурызда киіз үйді жауып алып, тамақ ішкенді қою керек - әкім

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімдігінің отырысында алда келе жатқан мерекелер жайы талқыланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қала әкімі Марат Тасмағамбетовтың айтуынша, биылғы Наурыз мерекесі Петропавл қаласының орталық алаңында өтеді.

Жоспарға сәйкес 12 отаудан тұратын этноауыл, қолонершілер көрмесі ұйымдастырылмақ. Мереке қонақтарына палау, бауырсақ, наурыз көже сынды ұлттық тағамдар тегін беріледі. Бағдарламада концерттер, театрландырылған қойылымдар және жаппай домбыра тарту, қара жорға билеу сияқты жоспарлар бар.  Қазір мерекеге қызу дайындық жүріп жатыр. Билбордтар мен баннерлер дайындалу үстінде.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов мерекеде ешқандай жабық киіз үй болмасын деген тапсырма берді. Аймақ басшысының пікірінше, мұндай жағдайда, халықта киіз үйлер неге жабық, оның ішінде кімдер тамақтанады деген сұрақтар пайда болады.

«Ол жерде көп балалы аналар, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдарға тамақ берілген. Менің ойымша, оның бәрін мейрам қарсаңында жасауға болады. Барлығы ашық болуы керек. Киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, салт-дәстүрлерімізді айқындап тұруы тиіс. Есікті жауып алып тамақ ішудің қажеті жоқ. Ол жерде көп балалы аналар, ардагерлер және мүмкіндігі шектеулі адамдарға тамақ берілуі тиіс. Бірде бір көше жабылмасын»,-деді Қ. Ақсақалов.

Сонымен қатар, облыс әкімі шығармашылық ұжымдар өз әкімдерімен бірге жергілікті жерде болуы керек  екендігін қадап айтты. Облыс орталығына келудің еш қажеті жоқ.

«Таңертең құрылған киіз үйлер түстен кейін асығыс жығылып жатады. Мереке бір күнде бітіп қалмайды. Барлық отаулар мереке күндері толық аяқталғанша құрылып тұруы керек»,-деді өңір басшысы.

Соңғы жаңалықтар