Наурызда бірыңғай зейнетақы жарналарының сомасы 5,98 трлн теңге болды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2016 жылдың наурыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жарналарының сомасы 5,98 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы қордың айлық есебінде көрсетілген.

«2016 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы жарналарының барлық түрлері бойынша шарттардың жалпы саны 10,1 млн., оның ішінде міндетті зейнетақы жарналары бойынша салымшылар саны шамамен 9,7 млн болды. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша салымшылар саны 393 986 болды. Ерікті зейнетақы жарналары бойынша салымшылар саны бұрынғыдай шамамен 40 мың адамнан аспайды. 2016 жылғы 1 наурызда зейнетақы жинақтарының сомасы 5,98 трлн. теңге болды», - делінген хабарламада.

БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлағандай, 2016 жылдың басынан бастап 101,02 млрд. теңге мөлшерінде таза инвестициялық табыс алынды. Салымшылардың зейнетақы активтері бойынша жылдық кірісі (2015 жылғы ақпан - 2016 жылғы ақпан) 16,7%-ға жетті. Осы уақыт аралығында инфляция деңгейі 15,2% болғанын айта кеткен жөн.

Сонымен бірге, БЖЗҚ жыл басынан бері 46,81 млрд. теңге сомасына зейнетақы төлемдері мен аударымдарын жасады, оның 2,61 млрд. теңгесі сақтандыру ұйымына жасалған аударымдар.

Айта кету керек, 1 жылдан бері әр салымшы мен алушы өзінің жеке зейнетақы шоты туралы деректі кез келген күні БЖЗҚ-ның 236 бөлімшесінің бірінен не қордың www.enpf.kz сайтында Интернет-үзінді көшірме бөлімі арқылы ала алады.

Сонымен қатар, Қор салымшыларының өз зейнетақы шоттарын Android, iOS (iPhone, iPad) және Windows Phone операциялық жүйелерінде жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерге арналған «ENPF» ұялы қосымшасы арқылы бақылауға мүмкіндіктері бар. Бұл қызметті пайдалану үшін салымшы Қор кеңсесіне бір рет келіп логин мен пароль алуы тиіс. 2016 жылғы 1 наурызда 150 700 ұялы қосымша жүктелген. 2015 жылдың ақпанынан бері өз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратты толық көлемде e-gov порталы арқылы да алуға мүмкіндік ашылған.

2016 жылғы наурызда электрондық үкімет порталы арқылы қызмет көрсету басталған кезден бастап салымшыларға (алушыларға) зейнетақы шоттарынан 232 мың үзінді көшірме берілген.

Соңғы жаңалықтар