Наурыз Тахi көкшетаулықтарға мерекелік көңіл күй сыйлады

None
Фото: Жастар ресурстық орталығы
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекелеу аясында Көкшетауда қала тұрғындары мен қонақтарына «Наурыз Тахi» қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Наурыз Тахi» жобасының мақсаты, Ұлыстың ұлы күні қала тұрғындарына тегін қызмет көрсету арқылы мерекелік көңіл күй сыйлау болды.

«Қала тұрғындарын арнайы безендірілген такси көлігіне отырғызып, жол бойы викториналық сұрақ-жауап ойыны ойнатылды. Сұрақтарға дұрыс жауап берген жолаушыға түрлі сыйлықтар беріліп, бауырсақтар мен тәттілер үлестірілді. Бірер сағаттың ішінде бірнеше тұрғынға қызмет көрсетілді» - деді Жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Дастан Ермеков.

Өзге кезегінде такси жолаушылары баратын жеріне тегін жетіп қана қоймай, мерекелік құттықтаулары мен ізгі тілектерін айтты.

«Автобусқа отыру үшін аялдамға шыққан едім. Такси тоқтату мүлдем ойымда болмады. Тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлап, игі істі қолға алып отырған өңір жастарына алғысым шексіз. Осындай игі істер мерекелерде ғана емес, жай күндері де жиі ұйымдастырылып тұрса нұр үстіне нұр болар еді», - деп ақжарма тілегін білдірді қала тұрғыны Тәттігүл Ыбыраева.

Айта кетсек, Ақмолалықтар Наурыз мейрамын ерекше тойлап жатыр.


Соңғы жаңалықтар