Наурыз мейрамына баталар, тілектер

Бата
Фото: Мақсат Шағырбай / Kazinform
АСТАНА.ҚазАқпарат - «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген халқымыз ежелден әрбір ісін батасыз бастамайтын. Ұрпағына үлкеннен бата алуды, елдің тілегін, ықыласын алуды санасына сіңіріп отырған.

Бата - адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Сондай-ақ бата - қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Батаны көпті көрген, ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар береді.

Халқымыз батаны берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөлген. Олар: нәрестеге бата, асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға бата, той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан батасы және тағы басқалары.

Осы баталардың ішінде Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні әдетте жасы үлкен кемеңгерлер кішіге бата береді. Жастар таң шапағын күтіп, сол кезеңде ауыл ақсақалдарының, ақылгөй басшылардың батасын алуға асыққан. Наурызда жастар ақсақалдардан, беделді кісіден «Наурыз-батасын беріңіз» деп бата сұрайды. Ақсақалдардың Наурыз батасы әдетте «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп елге, жерге де беріліп жатады.

Назарларыңызға танымал ақындардың және ел арасында тараған өзге де Наурыз батасы мен тілектерін ұсынамыз.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Оразақын Асқар Наурыз тақырыбына бір топ цикл өлеңдер арнаған. Сонымен қатар, ақынның ел аузынан жинап құрастырған Наурызға байланысты бата-тілегі де бар. Соның бірі мынандай:

Наурыз бата

Ниеттерің ақ болсын,

Наурыздың ақша қарындай!

Бастарыңа бақ қонсын,

Шашыңның барлық талындай!

Санасы өсіп адамның,

Көңілде кір қалмасын.

Құты қашып жаманның,

Жақсы тапсын жалғасын!

Тыныш болсын даламыз,

Түгел болсын нуымыз!

Таза болсын ауамыз,

Тұнық болсын суымыз!

Қатыгездік жоқ болсын,

Оралмасын кез өгей.

Кірісіміз көп болсын,

Бүгінгі Наурыз көжедей!

Аллаһу акпар!

***

Мұзафар Әлімбаевтың батасы:

Қарық қып құтты Наурыз,

Қазанға толсын сары уыз.

Қайнасын Наурыз көже де,

Толтырып ішкей кесеңе.

Ұлыстың ұлы күнінде,

Көппенен бірге күлімде.

Көбейсін жаңа достарың,

Молайсын елге қосқаның.

Жарасып көңіл хоштығы,

Бекісін халық достығы.

Ішінде жүрсе азғана,

Шайылсын өкпе, наз - нала.

Алдыға сыймай сәбилер,

Құшағын жайсын жаңа үйлер.

Жастардың самсап отауы,

Мейірім төксін Отаны.

Әспеттеп ата дәстүрін,

Әсем боп өссін жас буын.

Кірбің тартпасын кәрілер,

Барыңның дәмді нәрін бер!

Дүрлеген Қазақстанға

Таңғалсын дос та, дұшпан да!

***

Ұлыстың ұлы күнінде,

Ұлың оңға қонсын,

Қызың қырға қонсын,

Дәулетіңді асырсын,

Дұшпаның басылсын.

Менің берген бұл батам -

Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам

Көже істеген келіндер,

Көпке жаққан елшіл бол.

Бозторғайдай төлшіл бол!

Ор қояндай көзді бол,

Адам таппас сөзді бол!

Қыстан қысырамадық,

Жаз күніндей жадырамадық,

Өткен ай өзімен кетіп,

Туған ай жарылқасын!

Аяз әлін біліп,

Күнекей күн жарылқасын,

Аллаху әкпар!!!

***

Наурыз келіп қар кетті,

Ақ қар, көк мұз жұтатқан

Шаруа елінен зар кетті.

Наурыз келіп жаз кірді,

Жаз періште «Әз» кірді

Күнеске тосып арқасын,

Жан біткенге наз кірді.

Арық - тұрақ төрт түлік,

Көк жеп жапа - тармағай

Қабырға жаппай қалмағай.

Көтеремнің төрт бұты,

Ербегей де сербегей

Енді шығын бермегей.

Бізге келген бәлекет -

Қармен бірге қаңғырып,

Таудан ары өрлегей,

Мұсылман бетін көрмегей.

***

Ұлысың оң болсын,

Ақ мол болсын.

Қайда барса жол болсын!

Ұлыс бақты болсын,

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін,

Бәле - жала жерге енсін!

***

Жаңа жыл бақыт жылы болсын,

Малың тоқ,

Уайым - қайғың жоқ болсын.

Көген толы қозы,

Желі толы құлын болсын.

Малың базарлы,

Ұлың назарлы,

Қызың ажарлы болсын!...

Жарылқа, тәңірім, қабыл ет.

Қарық қып құтты Наурыз

Құрдасыңа - қуаныш бол

Уа, жаратқан, жарылқа

Құдайдың өзі сөйтіп оңдасын!

***

Әумин! - бата берейін,

Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда жараңдар

Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,

Ауылымызда ас болып,

Келген Наурыз құт болсын!

Жүгінелік ақылға,

Араздыққа жол беріп,

Отырмайық тақырға.

Жермен бірге жаңарып,

Көңілде кір қалмасын!

Сырттағы жау жаланып,

Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,

Төр менікі демесін.

Еңістен келген тебініп,

Өр менікі демесін!

Наурызбенен жаңарсын,

Тәніміз бен жанымыз.

Жақсы негіз қалансын,

Жарасып ән сәніміз! Әумин!

***

Сұрасаң бата берейін,

Үстем болсын мерейің!

Ықыласпен қол жайсаң,

Ақ тілекті төгейін.

Дастарханың мол болсын,

Абыройың зор болсын!

Көк жайлауды жайласаң,

Тай-құлынды байласаң,

Келін тұрсын керіліп,

Салтанаты көрініп.

Сабаң толсын қымызға,

Шараң толсын уызға.

Өрісіңе мал толсын,

Ақ тілеуің жар болсын.

Өрендерің ер болсын,

Көре алмаған бағыңды,

Сындыра алмай сағыңды.

Бетін басып жер болсын!

Қара ниет жауларың,

Ит пен құсқа жем болсын!

Балалардың сәні өссін,

Толған айдай бағы артсын.

Абыройы тағы өссін,

Қорған болсын халқына,

Ел сүйсінсін даңқына!

Сыздатпай жүрегіңді,

Қалаған тілеуіңді,

Қасыңдағы елден берсін.

Басып жүрген жерден берсін!

Ағайының қолдай берсін,

Дос жараның қорғай берсін!

Көліңе балық қайраңдасын.

Ел-жұртың жайраңдасын!

Әумин!

****

Өркендеудің өрін бер!

Әз-Наурыз - Жаңа жылым.

Жаңа жылым - жаңа күнім!

Барша жұртты шаттандырып,

Шарықтаған көңіл бер!

Жан бітіріп табиғатқа,

Тіршілікке шеру бер

Су сіміріп, жер бусанып,

Қаулап өскен көгін бер.

Сай сылдырлап, өзен тасып,

Аппақ айдын көлін бер!

Бетегесі белден болып,

Көк балауса көделері,

Шабындығын шөбін бер!

Төскей толы төрт түлікке,

Қора толы төлін бер.

Алтындайын сары бидай,

Толқып өскен егін бер!

Емірентіп жердің төсін,

Астығын бер - өнім бер!

Елім өсіп, алға басып,

Өркендеудің өрін бер!

Үздік деген әлемдегі,

Отыз елдің ортасынан,

Ойып тұрып орын бер!

****

Жер-жаһанды сері самалға өткізіп, жұрттың аузын аққа жеткізіп, нұр тамшыларын аямай төккізіп, қиындықтың бәрін келер жылға өткізіп, «Самарқанның көк тасын ерітіп», алтын күрекпен жер жүзін жібітіп, тас жүректерді мейіріммен үгітіп, жеті қат жер астына дейін балқытып, жыл құстарының әнін шалқытып, Жетісуға жасылдан көйлек кигізіп, Сарыарқаны самал желге сүйгізіп, Алатаудың төбесінен көкке тигізіп, Қаратауға құт-берекені үйгізіп, ақ бұлақтарды ақтартып, шың-құздарды шаттантып, тізбектетіп тырналарды, сүйгізіп сырғаларды, шоршытып балықтарды, шапшытып арықтарды, тербелтіп наз қайыңдарды, төгілтіп жаз жайында әнді, қаздарды қаңқылдатып, найзағай жарқылдатып, айтып ертегіңді, жайып желкеніңді, жетіп келген әз-Наурыз мейрамы құтты болсын!!!

***

Ақтың молаятын, жарықтың ұзаратын, нұрдың молығатын, тіршіліктің жаңаратын, өмірдің жаңғыратын, пейілдің түзелетін, көңілдің кеңитін кезеңі - Наурыз мейрамы құтты болсын!

***

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін Табиғат-Анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурызды жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін! Доңыз жылы ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын!

***

Наурыз - жыл басы, Ұлыстың ұлы күні! Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, қыс пен жаздың, қараңғы мен жарықтың теңелетін, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін Табиғат мерекесі! Наурыз - адамдардың қыс қыспағынан, жұт апатынан аман қалып, малы төлдеп, аузы аққа жаритын Шаруа мерекесі! Наурыз - әрбір шаңыраққа шыраққа шырақ жағылып, «Қызыр түнін» күтіп, жақсылық құт-береке тілеп, ертеңгі күнге зор үмітпен қарайтын Сенім мерекесі! Наурыз - жеті дәмнен Наурыз көже жасап, адамдардың бір-біріне дәм татқызып, дастарқан басында бірге отыратын ынтымақ-бірлік мерекесі! Наурыз - жыл бойы өткен-кеткен ренішті кедергісіз кешіріп, ән-күймен, ойын-сауықпен жанды жадыратып, сананы серпілтетін Көңіл мерекесі.

***

Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті - Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Сіздерге деген шын жүректен бақыт пен құт-береке, бейбіт өмір тілектерімізді қабыл алыңыз. Біз әр күніміз өсу мен даму үшін мүмкіндік туғызатын, ырыс-берекеміз нығайған елде өмір сүріп отырмыз. Барлық игілікті істер табыспен аяқталып, жемісті еңбек тек қана қуаныш әкелсін.

***

Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Қазақстан халқы үшін Наурыз мейрамы - көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі тасыған ұлы мереке. Наурыз - көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Ол - өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең. Ақ ниетпен өткенге салауат айтып, ақ тілекпен жаңа Наурызды қарсы алайық! Отанымызға - береке, халқымызға - игілік, мемлекетімізге - молшылық, ал әр шаңыраққа бақыт пен шаттық тілейміз. Еліміз өркен жайып, Наурыз баршамызға ынтымақ пен сәттілік алып келсін! Шығыс халықтарына ортақ үлкен мейрам Наурыз - бірліктің, татулықтың, ізгіліктің, бақыттың мерекесі саналады. Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт-береке ала келсін. Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын!

****

Көне парсы тілінен қазақша аударғанда «Жаңа күн» деген мағына беретін Наурыз - жыл басы. Қыстың көбесі сөгіліп, тіршілік атаулыға жан бітіп, жасарып, жаңаратын, табиғат-әлем көгеріп, көктейтін шақ. Қыстың қыспағынан құтылып, арқа-бас кеңейетін, мейрам-шаттыққа кенелетін осынау жайдарман шаққа жеткен әрбір жанды шығыстың жаңа жылымен құттықтаймын! Наурыздың өзіне тән салтына бағына отырып, әрбіріміз өткен жылғы өкпемізді ұмытып, татуласайық! Үлкендердің ақ батасын алып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық. Наурызда айтылған барлық жақсы тілек орындалады: Наурыз барлығыңызға құт әкелсін!

***

Тек адамзат қана емес, табиғаттың да жасарып, бой түзейтін шағы -Ұлыстың ұлы күнінің баршамыз үшін жолы да, жөні де бөлек. «Туған ай - тураған етпен тең», әне-міне дегенше қар еріп, жылғалардан су ағып, табиғат жасарып, көктемнің саумал самалына ілесіп Наурыз да жетті. Амандық-саулық, ақ тілек, меймандостық, адалдық, молшылық, жалпы ұлтымызға тән тамаша салт-дәстүрімен паш етілетін Наурыз мейрамын өзіндік сән-салтанатымен, думанды тойымен, ән-жырымен қарсы алыңыздар. Жастарыңыз ұзақ, көңілдеріңіз көтеріңкі, аспандарыңыз ашық болсын.

***

Баршаңызды халқымыздың ең ұлы мейрамы, адам баласы мен табиғат ана қайта жаңғырып, түлейтін - әз Наурызбен шын жүрегімнен құттықтаймын! Күллі шығыс жұртына ортақ мереке - Наурыздың тарихы тым тереңде жатыр. Күн мен түн теңелетін, ырысы мол мереке біздің жан - дүниемізді шуаққа бөлейді, ой - ниетімізді таза арнаға бұрады.

Бұл кешірім мен мейірімнің, үміт пен сенімнің, ізгілік пен түсіністіктің мерекесі. Бұл күні біз өткен жылы жасаған жұмысымызға есеп беріп, келешекке жоспар құрамыз, тәуелсіз еліміздің өркендеп, өсуі жолында жаңа бастамаларға негіз қалаймыз. Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген де наным бар. Қазіргі уақытта Наурыз жаңа сипатқа ие болды, ұлтына, діни сеніміне қарамастан Қазақстанды мекендейтін барлық ұлттар мен ұлыстардың ортақ мерекесіне айналды. Халықтар арасындағы достықты бекітуге, бауырластық қарым - қатынастардың нығаюына, әр ұлттың салт - дәстүрінің қайта жаңғыруына осы мейрам үлкен үлесін қосып отыр. Наурыз мейрамы туған жер топырағына құт - береке әкелсін. Баршаңызға амандық, саулық, дастархандарыңызға молшылық тілейміз!

Соңғы жаңалықтар