Наурыз мейрамы Самараның Большечернигов ауданында тойланып өтті

None
None
ОРАЛ. 3 сәуір. ҚазАқпарат -   Самара облысының Большая Черниговка ауылында 31 наурыз күні Наурыз мейрамы тойланып өтті, оған жылдағы дәстүр бойынша Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысты.

Өткен жылы Наурыз мейрамы Краснояр ауданы ұйымдастырса, биыл Большечернигов өз дәрежесінде өткізді. Ауылдың орталық алаңы мен аудандық мәдениет үйінде мәдени-спорттық шаралар күні бойы созылды. Мәселен, шағын футбол, қол күресі, арқан тарту, қазақ күресі өз көрермендерін жалықтырмаса, мәдениет үйінде өткен мерекелік шара да қызықты болды.

Жұртшылықты мейраммен Большечернигов ауданының басшысы Александр Баландин, Самара аймақтық «Ақ жол» қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев құттықтады. Батысқазақстандықтарды бастап келген «Қазақстан» РТРК» Батыс Қазақстан филиалының директоры Асланбек Ғұбашев облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атынан ізгі тілегін білдіріп, аудан басшылығына ескерткіш сыйлық табыс етті.
Т.Дүйсенбаевтың атап өткеніндей, Наурыз мейрамын тойлау Самара облысында осыдан жеті жыл бұрын қолға алынды. Содан бері жыл сайын әр ауданда ұйымдастырылып келеді. Келесі жылғы эстафетаны Кинель ауданының басшысы Николай Абашин қабылдап алды.

Құрметті меймандар сөздері концерттік нөмірлермен, қазақтың ұлттық ән-билерімен өрнектеліп отырылды.

Соңғы жаңалықтар